Жаңалықтар

Магистранттар тағылымдамасы

08.04.2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультеті механика мамандығының магистранттары – Азамат Асқар, Әбілқас Ақмаржан, Болысбек Дәрежат және Ердеш Елнар AGH Technology and Science университетінде (Краков, Польша) «Modern methods in design and manufacturing of machines» бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтті.

10 күнге созылған тағылымдама барысында профессор J. Cieślik, R. Kudelski секілді алдыңғы қатардағы ЖОО-ның жетекші профессорларының дәрістеріне қатысты. Дәрістер, тәжірибелік сабақтар және зертханалық жұмыстар «Альтернативті энергетика», «Кеуекті орта теориясы», «Акустика», «Деформациялар теориясы» деген кең ауқымды тақырыптарды қамтыды, танымдық ақпараттары мол әрі өте пайдалы болды.

Магистранттар технологияның даму траекториялары, олардың бизнес және өндіріспен байланысы туралы көптеген мәліметтер алды. Дәрістерден бөлек заманауи «3D Scanning&Printing», «Water Jet Cutting» бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Бағдарлама бойынша жоспарланған барлық дәрістер тыңдалды және оқудың соңында тағылымдамадан өткенін растайтын сертификаттарға ие болды. Тәжірибе нәтижелері тек магистранттарды ғана емес, сонымен қатар дәріс беруші профессорларды да қуантты. 

Тағылымдама бағдарламасы маңызды таныстырылымдық бөлімді қамтыды: Индустрия - 4.0 аясында AGH Technology and Science университетінің 30-дан астам зертханаларына экскурсиялар жасалынды. Экскурсия барысында заманауи күн энергетикасын пайдалану, биогаз өндірісі, жел энергетикасы өндірісін автоматтандыру процестері туралы айтылды. Өндірістік бөлімінде экологиялық қауіпсіз өндірістік қондырғыларға, газдар мен қалдықтардың сүзіліуіне баса назар аударатындықтарын айтты.

Сонымен қатар магистранттар Краков қаласының тарихи ескерткіштері орналасқан аудандарға, атақты ортағасырлық қамалдарға экскурсия жасаа қайтты.

Механика кафедрасы