- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазақстан мультиполярлы әлемде: экономикалық сценарийлер
12.04.2019ҚазҰУ-да VI Халықаралық Фараби оқулары аясында ҚазҰУ-дың 85 жылдығына және Экономика және бизнес жоғары мектебінің 70 жылдығына арналған «Қазақстан мультиполярлы әлемде: экономикалық сценарийлер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Фараби оқулары аясында жыл сайын ауқымды іс-шаралар өткізу әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін дәстүрге айналған. Алты жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан Фараби оқулары елде ғана емес, әлем төрінде жоғары оқу орындары мен ғылыми қоғамдастықта кеңінен танымал шараға айналды.
ҚазҰУ-дың 85 жылдығына, ЭжБЖМ 70 жылдығына орай Фараби оқулары аясында ұйымдастырылған, мемлекет және тұлға дамуының жаһандық мәселелерін шешуде қазақстандық және шетелдік ғалымдардың күш-жігерін біріктіруге арналған ірі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция екі күнге жалғасты.
Конференцияның салтанатты ашылуы 9 сәуірде отандық және шетелдік ғалымдардың, бизнес-сектор өкілдерінің, Қазақстанның абыройлы ЖОО басшыларының қатысуымен әл-Фараби кітапханасында өтті.
Пленарлық мәжілісте Экономика және бизнес мектебінің деканы Сагиева Р.К. факультеттің тарихы мен жетістіктеріне тоқталып өтіп, болашақ даму бағыттарын ашып айтты. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Нархоз Университеті» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Святов С.А. отандық банк секторының өзекті мәселелеріне қатысты сөз қозғады. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің Экономика институтының директоры Сатыбалдин А.А. еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясының маңызына тоқталып өтті. Шетелдік ғалымдар арасында Падуя университетінің профессоры Давид Челетти (Италия) Италия мен Еуразиялық ШОБ арасындағы коммерциялық қарым-қатынастар жайында баяндама жасады. KZI Bank Басқарма төрағасы Олекли Ж. Қазақстанда түрік банктік тәжірибесін дамытудың келешегі туралы жан жақты мәселерді қозғады. Кәсіби бухгалтерлер Палатасы Басқармасының Төрағасы, ҚР Аудиторлар Палатасының құрметті мүшесі Шютц Д.А., ҚазҰУ-дың профессоры Мухамедиев Б.М., факультеттің ең бірінші деканы Ф.А. Жеребьятевтің немересі, “Money Experts” директорлар кеңесінің мүшесі Д.И. Жеребьятев, Нархоз университетінің Қаржы кафедрасының меңгерушісі, профессор Адамбекова А. және KBS group компаниясының бас директоры Акатаев М. мерейтойлы пленарлық отырыста өздерінің пікірлерімен бөлісіп, құттықтауларын жаудырды.
Пленарлық отырыс төрт бағыт бойынша параллельді сессиялармен жалғасты:
- ХХІ ғасыр: әлемдік кеңістіктегі ұлттық экономиканың даму келешегі;
- Мультиполярлық әлемдегі басқару: үрдістер мен перспективалар;
- Мультиполярлық әлемді қалыптастыру жағдайындағы бухгалтерлік есеп және аудит;
- Жаңа қаржылық технологиялар нарығы: мәселелер мен шешімдер.
«Жаңа қаржы технологиялар нарығы: мәселелер мен шешімдер» секциясына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институты, Ресей халықтар достығы университеті, Орал мемлекеттік университеті және басқа да университеттерден 42 мақала келіп түсті. Оның ішінде 37-і тыңдалып, келесі бағыттар бойынша пікірталас жүргізілді:
1) экономиканы цифрлық түрлендірудегі ақпараттық қауіпсіздік жүйесі;
2) қаржылық қызметтердегі сандық өзгерістер;
3) бірінші және екінші деңгейдегі банктерде жаңа қаржы технологиялары;
4) электрондық төлем жүйелерін жетілдіру.
Талқылау қорытындысы бойынша ұсыныстар білім беруді цифрландыру, білім беру мен зерттеу арасындағы байланысты нығайту, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бірлескен қызметін үйлестіру және басқа елдердің жоғары оқу орындарымен байланысын нығайту, инновациялық қаржылық технологияларды ынталандырудың қазіргі заманғы әдістерін және нысандарын дамытуды көздейтін қоғам өміріндегі рөлін арттыру қажеттілігі, халықтың цифрлық сауаттылығын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ, мамандар үшін корпоративтік оқытуды жүзеге асыру, әсіресе мамандыққа қатысты қарым-қатынас және техникалық дағдыларды арттыру, мультиполярлық әлемді қалыптастыру жағдайындағы экономикалық ғылымның үлесін арттыруды қарастырды.