- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Сынға түскен сарбаздар
12.04.2019ҚазҰУ-дың әскери кафедрасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов атындағы кубок үшін III «Сарбаз» әскери-патриоттық ойыны өтті.
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылған аталмыш шараға «Бөбек» Ұлттық орталығының «Өзін-өзі тану» гимназиясы және Алматы қаласының барлық аудандарының үздік мектептері қатысты.
Патриоттық ойынның шымылдығын алғы сөзбен ашқан ҚазҰУ әскери кафедрасының басшысы полковник Олег Ажимов біздің өміріміздегі патриотизмнің маңызын атап, еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Өз еліңнің патриоты болу – ол Қазақстанды жүрегіңде сақтау!» деген сөзін алға тартты. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған патриоттық ойынға Алматы қаласының Қазақстан халықтар Ассамблеясы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Парасат» қызметкерлер кәсіподағы бас демеушілік етті.
Ойынның бірінші бөлімі әртүрлі конкурстық тапсырмалардан тұрды. Оның ішінде шығармашылық конкурста оқушылар әскери тақырыпта дайындап алып келген өнерлерін көрсетті. «Тарих доңғалағы» аталатын конкурста балалар мемлекетіміздің тарихы туралы, Қазақстанға еңбегі сіңген батырларымыз бен Ұлы Отан соғысы ардагерлері туралы көптеген сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ қатысушылар интерактивті лазерлік тирде ату жаттығуын орындап, мергендік машықтарын дартста көрсетіп, дене дайындығы бойынша білек күштерін ортаға салды. Ойынның ең көз тартарлық бөлімі әскерилендірілген эстафета болды, онда ойынға қатысушы жасөспірімдер ЖКҚК (жалпы әскери кешенді қорғау костюмы), атыс және әскери-медициналық дайындық, әскери топография бойынша нормативтерді орындады.
Тартысты өткен ойынның нәтижесінде және барлық кезеңдердің көрсеткіші бойынша ҚазҰУ ректорының кубогын «Бөбек» ұлттық орталығы «Өзін-өзі тану» гимназиясының командасы жеңіп, ойын жеңімпаздарына Бурабайдағы әскери-спорттық лагерде бес күнге демалуға жолдама берілді. Екінші орын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кәсіби мектебіне бұйырса, үшінші орынды Алматы қаласындағы Жетісу ауданының №148 мектеп-гимназиясы иеленді. Сонымен қатар ойынға қатысушы оқушыларға және келген қонақтарға қонақжайлылықтың белгісі ретінде дала асханасынан сарбаздық ботқа тарту етілді.