Жаңалықтар

Университеттер -қоғамды жаңғыру драйвері

24.05.2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университеттің 85 жылдығына арналған "Қазақстан-2050 "Стратегиясы: университеттер қоғамды жаңғырту драйвері ретінде" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара ҚР БҒМ, Жоғары оқу орындары ректорлары Кеңесінің және жоғары оқу орындары ҰҒА-ның қолдауымен өтті.

Конференция жұмысына ҚР БҒМ өкілдері, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының және «Майкрософт Қазақстан» компаниясының басшылары қатысты. Олар ұлттың бәсекеге қабілеттілігін және ондағы университеттердің рөлін арттыру бойынша өзекті мәселелерді, идеяларды және озық тәсілдерді талқылады.

Конференцияға қатысушыларды құттықтай отырып, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов еліміздің жоғары оқу орындарының қоғамды жаңғыртуға қатысуына, ғылымды қажетсінетін инновациялық экономикаға өтуге және Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуіне назар аударды. Сондай-ақ экономика мен қоғамның инновациялық дамуының «үштік спираль» моделін табысты пайдаланатын дамыған мемлекеттердің тәжірибесі атап өтілді.

Сондай-ақ, ол ҚазҰУ барлық қызмет саласына IT технологияларды белсенді енгізетінін және заманауи сандық инфрақұрылымды қалыптастыратынын атап өтті. Мәселен, университет «Silicon Valley» моделі бойынша «Жаңа Жібек жолы университеттерінің Альянсы» инновациялық IT-технопаркін құруға бастама жасады. Технопарктің негізін посткеңестіктегі кеңістіктегі ең қуатты есептеу ресурсы болатын Қытай үкіметінің гранты бойынша алынатын суперкомпьютер құрайтын болады.

Қазақстанда алғаш рет ҚазҰУ-да ҚХР серіктестерімен бірге Жерді қашықтықтан зондтау орталығы ашылды. Инновациялық процесстік орталығы және ғылыми-технологиялық паркі сәтті іске қосылып, ғарышқа алғашқы «Аl-Farabi-1» және «Аl-Farabi-2» отандық наноспутник ұшырылды. Бизнестің қатысуымен стартаптар мен спин-офф компаниялар құрылып, табысты жұмыс істеуге бағытталған ғылыми өнімдердің тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісі іске қосылды.

Конференцияда «Майкрософт Қазақстан» компаниясының білім беру секторының жетекшісі Нұрлан Жаныбек, «Almaty Management Universiti» президенті Асылбек Қожахметов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов және т. б. баяндама жасады.

Асылбек Қожахметов ЖОО-ның кәсіпкерлік құрылым ретінде қалыптасуында университеттердің әлеуметтік миссиясының маңыздылығына тоқталып өтті. Ғалымның пікірінше, қазіргі жағдайда университеттер «өсудің қозғаушы күші» рөлінде болуы қажет және олардың әлеуметтік қызметі ғылыми білім мен жобаларды коммерцияландыру жұмыстарымен пара-пар келеді.

Ғылыми-білім беру қауымдастығы үшін тиімді диалог алаңына айналған конференция шеңберінде пленарлық және тақырыптық секциялық отырыстар өтті, онда қоғамды жаңғыртудағы университеттердің рөліне арналған кең ауқымды мәселелер талқыланды.

Конференция жұмысы барысында конференцияға қатысушылар тек жоғары білікті мамандарды ғана емес, сонымен қатар, ел және әлем азаматтарын білім табынуына, ұлттық бірегейлікке, жаһандық азаматтыққа, прагматизмге, әлеуметтік жауапкершілікке және басқа да негізгі құндылықтарға баса назар аудара отырып, тиімді үрдісті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара соңында конференцияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қатысушылардың ұсыныстары бар резолюция қабылданды.

 

www.kaznu.kz