Жаңалықтар

Кітап көрмесі

25.05.2019

"Қазақ университеті" баспа үйі түлектердің II форумы аясында Студенттер сарайында кітап көрмесін ұсынды.

Шараға еліміздің мәдениет қайраткерлері, белгілі ғалымдар, оқырмандар қауымы мен студенттер қатысты. Мерекелік безендірілген ақпараттық стендтер университеттің барлық факультеттері туралы мәліметтерден сыр шертіп тұрды.

Кітап көрмесіне оқулықтар мен ғылыми еңбектерден басқа, ғылыми-көпшілік әдебиеттері ұсынылды. Атап айтар болсақ Олжас Сүлейменовтың этимологиясы бойынша еңбектері, Ғарифолла Есімнің "Сана болмысы", Профессор Жанғара Дәдебаевтың 35 томдық "Абайтану. Таңдамалы еңбектер" жинағы және де Ғалым Мұтановтың жалпы редакциялауымен " Мысли и изречения Ганди " атты туындылар жарық көрді.

Сонымен қатар, университет ректорының маңызды бастамаларының бірі болып табылатын "Өнегелі өмір" сериясының кітаптары да көрмеде көпшіліктің назарына ұсынылды. Аталмыш кітаптар сериясы   көрнекті ғалым-педагогтардың, жазушылардың, саясат және өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы мысалында өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру мақсатында құрылған болатын.

Сондай-ақ халықаралық қатынастар және шығыстану факультетінде "AL-FARABI BOOK SHOP" фирмалық дүкені ашылды. Іс-шараның құрметті қонағы белгілі шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі ұйымдастырушыларға өркендеу мен табыс тіледі.

www.kaznu.kz