- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Конституция - мемлекеттің құқықтық бағдары
30.09.2019Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстан Республикасының Конституциясы-мемлекеттің құқықтық бағдары» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Симпозиум жұмысына ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, ҚазҰУ-дың заң факультетінің жетекші ғалым-заңгерлері, магистранттары мен докторанттары қатысты.
Кездесуде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы конституциялық заңнаманы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі Виктор Малиновский және заң факультетінің деканы Дәулет Байдельдинов еліміздің негізгі заңын жүзеге асыру ерекшелігі, ҚР азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және кепілдендіру тетіктері туралы баяндама жасады.
Қазақстан Конституциясы қоғам мен мемлекеттің дамуының негізгі бағыттарын анықтайды. Осы жылдар ішінде елдегі конституциялық нормалар өзінің тиімділігін көрсетіп, терең экономикалық және саяси қайта құрулардың бағдары болды.
Конституцияның әлеуеті мемлекеттілік эволюциясының жаңа кезеңінде және елдің одан әрі дамуына тиімді қызмет етуге қабілетті.
«Бүгін біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық саладағы бірқатар басымдықтарды атап өтті. Бұл – құқық қорғау жүйесін жетілдіру, сот тәжірибесінің біркелкілігін қамтамасыз ету, әкімшілік әділет енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл. Бұл мәселелердің барлығы азаматтардың конституциялық құқықтарының кепілдігін қозғайды. Қазір бізден жұмыс жасап жатқан құқықтық институттарды түсінудің замануи тәсілдері талап етілуде. Мемлекеттік-құқықтық саясатты жүзеге асыру процесінде күш-жігерді біріктіруді қолға алу аса өзекті болып отыр. Біздің ортақ міндетіміз Конституцияның құқық қорғау тетігін нығайту, заңдылық режимінен ауытқуға жол бермеуге және адамның бұзылған құқықтарын тиімді қалпына келтіруге мүмкіндік беретін оның жай-күйіне қол жеткізу болып табылады. Біздің барлық күш-жігеріміз жоғары заң күшін және негізгі заңның тікелей қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Конституциялық сана-сезімді дамыту қажет», – деп атап өтті Қайрат Мәми құттықтау сөзінде.
ҚР Конституциялық Кеңесі қазірдің өзінде азаматтардың құқықтық мәдениетін тәрбиелеу бойынша мақсатты жүйелі жұмыстар жүргізуде. Конференция аясында «Қазақстан Республикасы – конституционализмді бекіту хроникасы» электрондық оқулығының тұсаукесері өтті, оның авторлары Қайрат Мәми, Игорь Рогов және Виктор Малиновский болды. Спикерлер атап өткендей, ғылыми-заң қоғамдастығынан конституциялық құндылықтардың мазмұнын толыққанды түсінуге мүмкіндік беретін жаңа оқу құралдарының санын арттыру талап етіледі.