Жаңалықтар

Ақылды кампус жобасы қолға алынады

21.10.2019

ҚазҰУ Электрисите де Франс (EDF) компаниясымен бірлесе ақылды кампус жобасын қолға алады. Бұл ұсынысты ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов EDF Еуропалық Энергетикалық зерттеулер институтының директоры Паскаль Террьенмен кездесу барысында айтты.

«ҚазҰУ бүгінде БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы ретінде экологияны және қоршаған ортаны қорғауға белсене атсалысады, тұрақты даму идеяларын алға жылжыту жұмыстарын жүргізіп, энергияның аль­тернативті және жаңартылатын көздері бойынша  зерттеулер жасап, жобалар дайындайды. Жаңартылған энергия көздерін пайдалану бүгінгі қоғам қажет ететін және келешегі бар бағыт. Бұл бір ғана мемлекеттің өмір сүру дәрежесін арттырып қана қоймай, ғаламның дамуына тікелей әсер етеді. Осы ретте біз бұл саланы жетілдіру мақсатында Электрисите де Франс (EDF) компаниясымен бірлесе жұмыс жасауға дайынбыз», – деді ректор Ғ.Мұтанов.

EDF Францияның ең ірі мемлекеттік энергия өндіруші компаниясы және әлемдегі ең ірі атом электр станцияларының операторы. EDF 25 млн үйді электрмен қамтамасыз ете отырып, АЭС 59 энергия блогын басқарады.

«Қазіргі таңда жаңартылған энергетикалық ресурстарды пайдалануда Германия мемлекеті алдыңғы қатарда тұр. Біздің компания осы бағытта тәжірибе алмасуда Германияның ірі институттарымен бірлесе әріптеседі. Жаңартылған энергия көздері қоршаған ортадағы көмірқышқыл газының үлесінің төмендеуіне, зиянды қалдықтардың азаюы, өзен-көл суларының ластануының бір қалыпқа келуі мен жер қыртысының құнарлануы осы энергия көздерінің көмегімен бастапқы қалпына келіп жатыр. Осы бағытта компания ақылды қала, тұрғылықты энергетикалық жүйе арқылы бақылау жасап баламалы энергия көздерінің жаңа қызмет түрлерін дамытуда және қала тұрғындарына жайлы жағдай жасауға қызмет етеді», - деді EDF Еуропалық Энергетикалық зерттеулер институтының директоры Паскаль Террьен.

Кездесу барысында тараптар жаңартылған энергия көздері саласынан бөлек білім ғылым саласында ынтымақтастық бағыттары бойынша да өзара пікір алмасты.

www.kaznu.kz