Жаңалықтар

Ортақ басымдықтар

24.10.2019

Индонезиялық «Universitas Pertamina» университеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Бұл туралы ҚазҰУ басшылығымен кездесу барысында индонезиялық университеттің ғылым, даму және ынтымақтастық жөніндегі проректоры Буди Соенджипто мәлімдеді.

Кездесу барысында тараптар ғылым-білім саласындағы ынтымақтастығының алдағы уақыттағы бағыттарын, студенттердің академиялық ұтқырлығы мүмкіндіктерін, қос диплом бағдарламасын дамыту мәселелерін талқылады.

Ортақ тақырыптарды қозғай отырып ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев қонақтарды QS рейтингісі бойынша әлемдегі ең үздік 800 жоғары оқу орындарының ішінде 207 орында тұрған ҚазҰУ-дың ғылыми қызметі мен жетістіктері жайында баяндап берді. Сондай-ақ, университеттің индонезиялық ЖОО ынтымақтастығы туралы ақпарат айтылды.

Айта кетерлігі, ҚазҰУ мен Индонезиялық университеттер арасындағы ынтымақтастық 2014 жылдан басталды. Жыл сайын екі ЖОО-ның профессорлары мен ғалымдары тәжірибе алмасып, екі университет алаңдарындағы халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қатысуда.

«Мен Қазақстанның ең беделді университеті шаңырағының астына келіп отырғаныма өте қуаныштымын. Біздің университет ҚазҰУ-мен тығыз ынтымақтастықты орнатуға аса мүдделі. Сіздің университет біздің талапкерлер арасында жоғары сұранысқа ие және біз болашақта ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасасуға ниеттіміз», – деді Индонезиялық «Universitas Pertamina» университетінің ғылым, даму және ынтымақтастық жөніндегі проректоры Буди Соенджипто мырза.

Екі жоғары оқу орындарының өкілдері университеттердің білім рейтингтерінің рөліне баса назар аудара отырып, жоғары оқу орындарының қазіргі жағдайын талқылады. Сондай-ақ рейтингтерде алға жылжудың жалпы стратегиялық бағыттары мен биік белестерге жетелейтін перспективтік идеялар анықталып, ортақ басымдықтар белгіленді.

 

www.kaznu.kz