- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-дың еуропалық векторы
06.11.2019Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Еуропалық Одақтың халықаралық ғылым және білім беру бағдарламаларына белсенді қатысуда. Университет ректоры Ғалым Мұтанов пен ЕО-ның Қазақстандағы Елшісі Свен-Олов Карлссон стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады.
ҚазҰУ ректоры мәртебелі мейманды қарсы ала отырып, университеттің ғылым, білім беру және инновациялық қызметі, оның жетістіктері, халықаралық жобаларды, оның ішінде еуропалық университеттердің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы әңгімеледі. Ғалым Мұтанов 1998 жылы ҚазҰУ жанынан ашылған Еуропалық зерттеулер орталығының жұмысына тоқталды. Сонымен қатар университет Еуропалық Одақтың Эразмус+, IAESTE, Еуропалық Комиссияның Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің, Конрад Аденауэр қорының, DAAD және т.б. бағдарламаларына белсенді қатысатындығы атап өтілді.
Эразмус+ бағдарламасы аясында ҚазҰУ 50-ден астам ұтқырлық пен жоғары білім беруде әлеуетті дамыту жобаларына қатысады, сонымен қатар «ENINEDU» жаңа әлеуметтік орта жағдайларына сәйкес жоғары білім мен корпоративтік сектордың интеграциясын нығайту» жобасының үйлестірушісі болып табылады. Олар Еуропаның жетекші университеттерімен серіктестікте жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында ЕО Елшісі Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың, жоғары білім және ғылым саласындағы халықаралық алмасуды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі таңда Еуропадан келген студенттер Сіздің еліңізде, әсіресе ҚазҰУ-да білім алуға үлкен қызығушылық танытуда. Университеттің инфрақұрылымы мен жетістіктері айтарлықтай әсерлі. Менің келуімнің басты себептерінің бірі – ғылым және білім беру саласындағы, атап айтқанда Эразмус+ бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты дамытуға қолғабыс ету. Мен бұл саланың перспективті екеніне сенімдімін», - деді Свен-Олов Карлссон.
Сонымен бірге, Елші ҚазҰУ-дың ЕО бағдарламалары аясындағы оң тәжірибесін, атап айтқанда, Орталық Азиядағы инженерлік білімнің сапасын қамтамасыз етуге арналған Tempus QUEECA жобасының нәтижелерін атап өтті. Бұл жобаны жүзеге асырудың арқасында Орталық Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда KazSEE білім беру бағдарламаларын аккредиттеу жөніндегі ұлттық агенттіктер құрылды. Сондай-ақ, KazSEE аккредиттеу агенттігі EUR-ACE Еуропалық сапа белгісіне ие болып Еуропалық инженерлік білім беру желісінде авторизацияланды. Бұл Орталық Азия елдерінің еуропалық ғылыми және білім беру кеңістігіне интеграцияланудағы маңызды қадам болды.
Свен-Олов Карлссон болашақта университеттің ЕО бағдарламаларына қатысуына, ҚазҰУ-дың Еуропалық зерттеулер орталығының қызметіне, сондай-ақ еуропалық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытып тереңдетуге жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті екендігін жеткізді.