ҚазҰУ-дың әскери кафедра ұжымы әскери-патриоттық сананы өскелең ұпақ бойына сіңіру мақсатында «Арыстан» лицейіне барып дәріс оқып қайтты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры аясында ашылған «Арыстан» мамандандырылған лицейі еліміздің қарулы күштері, ішкі істері мен ұлттық қауіпсіздік саласына білімді де, білікті мамандар даярлау мақсатына ашылған еді. 2011 жылы ашылып, ең алғаш шәкірт тәрбиелей бастаған «Арыстан» лицейі қысқа ғана мерзімде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Біз 2013 жылы тұңғыш түлектерімізді лицейден қанаттандырдық. Сол түлектеріміздің барлығы дерлік әскери жоғары оқу орындарына түсті. Біздің балаларымыз қазіргі таңда Ресейде, Беларуссияда, АҚШ-та, Түркияда, Қытайда білімдерін жалғастырып жатыр. Мен біздің балаларымыздың болашақта еліміздің мүддесі үшін аянбай қызмет ететін білікті маман, нағыз отан қорғаушылар болатынына кәміл сенемін» - дейді ҚазҰУ-дың әскери кафедра ұжымымен кездескен «Арыстан» мамандандырылған лицейінің басшысы, Қарулы Күштердің құрметті ардагері, генерал-майор Сәбит Тауланов.
Екі бөлімнен тұратын дәріс аясында «Өз Отанының патриоты қалай болу қажет?!» тақырыбында қазақстандық қоғамның құндылықтары, тәуелсіздігіміздің қауіп-қатерлері мен сын-қатерлері турасы сөз болып, дәріс соңы «Мен патриотпын!» атты концерттік бағдарламаға ұласты.
www.kaznu.kz