ҚазҰУ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын бастап жіберді. Мерейтойлық шара университеттің құрметті қонақтарына ертемен есігін айқара ашқан «Әл-Фараби Орталығының» тұсаукесерінен басталды. Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.
«Әл-Фараби орталығы» ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мәдениеті» республикалық ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығының базасында 1993 жылы 1 қаңтарында құрылған болатын, - дейді мекеме директоры Бекжан Мейірбаев. – Алайда ауқымды мерейтойлық іс-шаралар шеңберінде оның атқаратын қызмет аясы кеңейді – Орталық ғылыми-зерттеу және білім беру функцияларынан басқа, ұлы ойшылдың идеялары мен шығармашылығын насихаттаумен айналысады. Сонымен қатар, ғылыми жарияланымдар мен мақалалар талқыланатын, бұқаралық онлайн-курстары мен дискуссиялық алаңдары бар сапалы білімдік контенттегі онлайн порталы құрылады. Шын мәнісінде, бұл бүкіл әлемдік фарабитанушылар үшін ашық диалог алаңы болмақ.
ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастаған құрметті қонақтар ҚазҰУ әл-Фараби орталығындағы мұражайдың экспозицияларымен танысты. Қонақтар осындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне, Абай, Алаш қозғалысының қайраткерлеріне, сондай-ақ сирек және құнды кітаптар қоры, сандық оқу залдарын аралап, үлкен әсер алып шықты.
www.kaznu.kz