- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Елші сағаты
06.02.2020Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Прабхат Кумар мырзаның қатысуымен «Елші сағаты» өтті. Бұл іс-шара Үндістан Республикасының 70 жылдығына және үнді халқының рухани көшбасшысы Махатма Гандиге арналды.
1950 жылы 26 қаңтарда Үндістанның Конституциясы қабылданып, Үндістан Республикасының күні болып жарияланған болатын. Ал Махатма Ганди Үндістанның тәуелсіздік жолындағы күресінің көсемі ретінде танымал.
«Елші сағаты» Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының жанындағы «Махатма Ганди атындағы орталық» ұйымдастырылды. Бұндай іс-шаралардың мақсаты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Үндістан Республикасының университеттері арасындағы білім-ғылым және мәдени байланыстарды дамыту болып табылады. Аталмыш іс-шараға Үнді классикалық би орталығының директоры Қайназарова Ақмарал және үндітану бөлімінің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.
Үндістан Республикасының елшісі Прабхат Кумар мырза өз сөзінде шығыстану факультетінің ұжымы мен студенттерін әл-Фараби бабамыздың 1150-жылдық мерейтойымен құттықтады. Үндістан мен Қазақстан арасындағы достық, мәдени-ғылыми байланыстарды арттыру туралы ой-пікірлерін баяндады. Елші үнді тілін үйренушілерді оқулықтар және көркем әдебиетпен қамтамасыз ету, бірлескен ғылыми конференциялар ұйымдастыру, студенттердің ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету туралы ойларымен де бөлісті.
Үндітану бөлімінің студенттері М.Гандидің қанатты сөздерін оқып, өмірінен көріністер көрсетіп, әндер шырқады Махатма Гандидің өмірі мен қызметі туралы пікірлер айтылды.
Бұл іс-шараға қатысқан Свами Вивекананда атындағы Үнді мәдениеті орталығының директоры Санджай Гарг студенттердің көрсеткен өнерлеріне тәнті болып, ризашылығын білдіріп, факультеттің ұжымы мен үндітану бөлімінің оқытушы-профессорлар құрамына өз алғысын білдірді.
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы мен Үндістан елшілігі бірлесіп өткізген бұл іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Үндістан елшісі үндітану бөлімінің атқарып жатқан істеріне және студенттердің үнді тілін үйрену мен Үндістанды танудағы белсенділігіне ризашылығын білдіріп, ҚазҰУ мен Үндістан Республикасы университеттері арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға алдағы уақыттарда күш салатындығын айтты.