2011 жылдың 15 ақпаны күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Ректоры аппаратының жетекшісі Жүсіпов Қайрат Зияұлы халықаралық қатынастар факультетінің оқытушылары мен студенттерін қазақтың танымал жазушысы М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының қытай тіліндегі аудармасымен таныстырды. Тәржімә қытайлық аудармашылар Ха-Бай мен Гао Сун-Фань тарапынан орындалып, көркем безендірілген қалың мұқабалы кітап түрінде Бейжіңде Қазақстанның танымал мемелкеттік қайраткері, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Кәрібжанов Жәнібек Сәлімұлының көмегімен басылып шыққан екен. Таныстырылым мемлекеттік және ресми тілдерде өткізілді.
Ректор аппаратының жетекшісі өзінің қызметтік уәкілеттіліктері, өзі басқаратын аппараттың алдында тұрған міндеттер жайлы қысқа мәлімет бергеннен кейін, аталмыш аударманың ерекшелігі мен маңыздылығына тоқталды. Факультеттің оқытушысы т.ғ.д., проф. қытайтанушы Мұхаметхан Нәбижан аталмыш аударманың тарихы, Қытай халық республикасындағы әдеби аударма ісінің дамуы жайлы құнды мәліметтер берді. Қазіргі шығыс тілдері кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., доцент Ұ.Т. Алжанбаева мен аталмыш кафедраның оқытушылары «Абай жолы» романын қазақ өмірінің философиясы мен энциклопедиясы екендігін айта келіп, студенттерге қосымша пайдалы мәліметтер берді. Таныстырылым барысында қазіргі жастардың тәрбиесі, көркем әдебиеттің тұлғаны қалыптастырудағы маңыздылығы туралы да айтылды. Кездесу соңында Жүсіпов Қайрат Зияұлы таныстырылымға ұсынылған кітапты қазіргі шығыс тілдері кафедрасына сыйға тартты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі