- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Сыбайлас жемқорлықтан тыс университет
05.05.2020Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра алатын әлеуметтік ортаны құру, жастардың жағымсыз құбылыстарға тұрақты иммунитетін қалыптастыру – жоғары оқу орындарының тәрбие және білім беру қызметінде бірінші дәрежелі мәнге ие. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 2011 жылдан бастап ректор Ғ.Мұтановтың басшылығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктер мен технологиялардың тұтас кешенін қамтитын «Сыбайлас жемқорлықтан тыс университет» жобасы жүзеге асырылуда. Карантин кезеңінде және университеттің қашықтан оқыту түріне көшуіне байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар ерекше маңызды және өзекті болып отыр.
Карантин және қашықтан білім алуға көшу жағдайында ҚазҰУ білім беру процесінің ашықтығын, білім беру сапасының жоғары стандарттарын және студенттердің жетістіктерін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Соңғы жылдары университетте «ақылды» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым және smart-кампус құрылып, бұлтты және мобильді технологиялар енгізілді, ал ІТ-қызметтерді дамыту университетті сапалы жаңа сандық деңгейге шығарды. Бұл ҚазҰУ-ға оқу үдерісін қолданыстағы сабақ кестесі бойынша қашықтан оқыту түріне жедел көшуге, сондай-ақ барлық студенттерді қамтуға мүмкіндік берді. Университеттің IT-инфрақұрылымы барлық студенттерді қашықтан оқытумен қамтамасыз ете алады. Ол үшін қос ақпараттық-білім беру платформасы қолданылады. ҚазҰУ-дың инновациялық әзірлемесі болып табылатын «Универ 2.0» жүйесі, бұл студенттің қабылдануынан бастап оны бітіргенге дейінгі барлық оқу процесін қамтамасыз етеді. ҚазҰУ-дың программистері әлемдегі «Moodle» қашықтықтан оқыту жүйесімен «Универ 2.0» жүйесінің бірегей интеграциясын жүзеге асырды. ҚазҰУ мен «Microsoft» серіктестігінің, сондай-ақ «Office 365» бағдарламалық өнімін енгізудің арқасында студенттер мен оқытушылар «Microsoft Teams» сервисін пайдаланады. Оқу үрдісі «Zoom», «Google meet» және т. б. платформалары арқылы жүзеге асырылуда. ҚазҰУ-да құрастырылған moocs.kz сандық білім беру ресурсы танымалдылыққа ие.
Қашықтан оқыту жағдайындағы барлық бағыттар бойынша университеттің қызметін бақылау ҚазҰУ-да ахуалдық басқару орталығымен жүзеге асырылады. Бірыңғай бағдарламалық-басқару кешені негізінде аталған орталық әр оқытушының сабақ кестесі бойынша нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізеді, студенттердің сабаққа қатысуын, ағымдық және аралық бағаларын қадағалайды. 2019-2020 оқу жылының жазғы сессиясын өткізу жағдайын ескере отырып, емтихандардың әр түрлі формалары қолданылады: дәстүрлі жазбаша, жазбаша жобалар, тест және ауызша тапсыру. Теріс пиғылды практикаға жол бермеу және студенттердің жетістіктерін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында емтихан қабылдау процесін бақылау үшін «прокторинг», «антиплагиат» жүйелері және аутентификация рәсімі сияқты қазіргі заманғы технологиялар пайдаланылады. Прокторинг технологиясы студенттердің академиялық адалдық ережелерін сақтауын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық жазбаша жұмыстар «антиплагиат» жүйесінде көшіріп алу жағдайларын анықтау мақсатында тексеріледі. Сондай-ақ шифрлау, жабық бағалау, баламалы комиссиялардың жауаптарын бағалау қолданылады. Қашықтан оқыту технологияларына қол жеткізуде техникалық қиындықтары туындаған студенттер үшін емтихан тапсыру олардың өтініші бойынша кейінге қалдырылады.
Әрбір студентпен және олардың ата-аналарымен үздіксіз тікелей және кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында мессенджерлерде топтық чаттар құрылып, барлық деңгейдегі бөлімше басшыларының әлеуметтік желілерінің аккаунттарында тікелей эфир ұйымдастырылды. Тәулік бойы университеттің колл-орталығы жұмыс істейді. Студенттік белсенділер тобы алқалы органдардың жұмысына онлайн қатысуын жалғастыруда. Дистанциялық форматта барлық студенттік өзін-өзі басқару органдары, Болон процесі бойынша студенттік бюро, «Саналы ұрпақ» клубы және т.б. белсенді жұмыс істеуде.
Емтихан сессиясы аяқталғаннан кейін студенттер босаған білім гранттары туралы ақпаратпен университет сайтында және «Универ» жүйесінен таныса алады. Бұл жерде үміткерлер тізімі, ал одан кейін гранттарға конкурстық іріктеуден өткен студенттер жарияланады. ҚазҰУ «E-campus» университеттік бағдарламасы аясында жатақханаға орналастыру және одан шығару онлайн-порталын алғаш рет енгізді. Электронды өтінімдер негізінде халықтың бірінші кезекте әлеуметтік осал топтарынан және оқуда, ғылымда және қоғамдық өмірде жоғары жетістіктері бар студенттер жатақханадан орын алу құқығын ескеретін нақты критерийлерге сәйкес электронды кезек қалыптастырылған.
ҚазҰУ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігі туралы студенттер мен оқытушылардың қоғамдық пікірін анықтау үшін семестрде бір рет социологиялық мониторинг жүргізіледі. Жалпы алғанда іріктелген және жаппай онлайн-сауалнамаға жыл сайын шамамен 20 мың адам қатысады. Осындай сауалнамалар негізінде сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі, сондай-ақ оқытушылардың тиімділігі, факультеттер мен кафедралардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингісі анықталады. Бұл рейтингтер нәтижеге бағытталған басқару шеңберінде енгізілген оқытушылар, кафедралар, факультеттер қызметін кешенді бағалаудың маңызды құрамдас бөлігі. Рейтинг қорытындысы бойынша факультет декандары, кафедра меңгерушілері және барлық профессорлық-оқытушылық құрам лауазымдарына орналасу конкурсы іске асырылады. Рейтингте төмен көрсеткіштер мен корпоративтік мәдениет кодексі нормаларының түрлі бұзушылықтары орын алған жағдайда, еңбек шарттарын бұзуға дейін нақты басқару шаралары қабылданады.
Сонымен қатар, рейтингтік жүйе негізінде сараланған еңбекақы төлеу жүзеге асырылады. Соңғы үш жылда бонустар мен қосымша төлемдер жүйесінің арқасында ҚазҰУ қызметкерлерінің орташа жалақысы 30% - дан астам өсті. ҚазҰУ-дың оң тәжірибесі нәтижеге бағытталған басқару жүйесі парасаттылық, адалдық, жауапкершілік, кәсіпқойлықтың жоғары стандарттарын ұстанушы, жоғары білікті мамандарды қолдау мен ынталандыруға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың тиімді тетігі болып табылатынын көрсетеді.