- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Атаулы тұлға
20.05.2020Алматыда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, танымал мемлекет қайраткері Төлеген Тәжібайұлы Тәжібаевтың 110 жылдығына арналған «Білім және психологиялық-педагогикалық ғылым: жүйелілік, сабақтастық, инновациялылық» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті.
Төлеген Тәжібаев 1910 жылы дүниеге келген. Ол бірінші қазақ ғалым-психологы және педагогика ғылымдарының докторы, қоғам және мемлекет қайраткері, дипломат, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 1944-1948 ж.ж. аралығында ҚазКСР Сыртқы істер министрлігін басқрады. Содан кейін 1953 жылға дейін С.Киров атындағы ҚазМУ-ға басшылық етіп (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары, мәдениет министрі, 1957-1961 жылдар аралығында КСРО-ның Үндістандағы Елшілігінің кеңесшісі ретінде дипломатиялық қызметте болды.
Төлеген Тәжібайұлы – кеңес дәуірінің Қазақстан тарихындағы маңызды тұлғасы. Ол еліміздің білім беру жүйесін дамытуға ерекше үлес қосты. Оның бүкіл өмірі өз халқына және Отанына қызмет етуге арналды.
Конференция қатысушылары академик туралы естеліктерімен бөлісіп, оның мемлекеттік және қоғамдық қызметі, ғылыми еңбектері жайында баяндады. Конференцияда педагогика мен психологияның өзекті мәселелері де талқыланды.
«Ол еліміздегі тұңғыш ұлттық жоғары оқу орны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қалыптасуы мен дамуына көп еңбек етті. Адамдарға өте ұқыптылықпен қарап, мамандар дайындауға аса көңіл бөлді. Жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетіп, факультеттерде қазақ бөлімдерінің ашылуын жақтаушы және бастамашы тұлға болды», – деп атап өтті ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Тлекқабыл Рамазанов.
Т. Тәжібаев өзінің қысқа ғұмырында жоғары оқу орнының доцентінен ағарту халық комиссариатына дейінгі жолынан өтіп, республиканың сыртқы істер министрі болып жұмыс жасады. Ол тамаша педагог және талантты ұйымдастырушы болды. Ол 1947 жылы ҚазМУ-да психология және логика бөлімін ашып, Қазақстандық психологиялық ғылымның дамуына негіз қалап, университетте шығыстанушылар, психологтар, философтарды даярлай бастады.
Т. Тәжібаев зиялы қауым өкілі ретінде алғаш қазақ тілінің маңызы туралы мәселені көтеріп, оны кеңінен оқытуды балабақшалардан бастау қажет екендігін негізді түрде қадап айтты. Оның іргелі ғылыми еңбектерінде дәстүрлі «Халықтық» және қазіргі заманғы педагогиканың жүйелерінің өзара байланысы мен сабақтастығы туралы идеялары көрініс тапты.