Жаңалықтар

Жаңа форматтағы түлектер кездесуі

30.05.2020

Осы жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультеті Түлектер күнін кең ауқымда, қызықты әрі мазмұнды етіп атап өтті. Коронавирус пандемиясы мен карантинге байланысты мереке онлайн-форматта өтті. Жаңа технологиялар мен зор құлшыныс әр жылдардағы түлектерге араға жылдар салып кездесіп, студенттік шақтың ең тамаша сәттерін еске алып, жеткен жетістіктерімен бөлісіп, сүйікті альма-матерді мерекемен құттықтауға мүмкіндік берді.

Кезінде, ҚазҰУ Түлектері қауымдастығын құрып, маңызды әрі мерейлі мереке – түлектер күнінің тойлануына бастамашы болған дәл осы – халықаралық қатынастар факультеті еді.  

Биылғы жылы халықаралық қатынастар факультетінің Түлектер кеңесінің отырысына дайындық жұмыстары ерекше мұқияттылықпен жүргізіліп, оның өткізілу тәртібінің жаңа формасын игеру қажет болды. Тыңғылықты жүргізілген дайындық жұмыстарының арқасында, онлайн кездесулер жоғары ұйымдастырушылық-техникалық деңгейде өтіп, жүздеген түлектер мен құрметті қонақтардың басын қосты.

Кездесу қатысушыларына ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәмидің құттықтау бейнежазбасы көрсетілді. Өзінің құттықтау сөзінде ол университет ұжымына еңбегі үшін алғысын білдіріп, жаңа табыстар мен әлемдік деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізуді тіледі. Сонымен қатар, ол Қауымдастық қызметінің маңызды бөлігіне айналатын «тәлімгерлік – әркім ие бола алатын мүмкіндік» атты жаңа жобаның іске қосылғандығы туралы айтып, түлектерді өз үлестерін қосуға шақырды. Тәлімгерлік институтын дамыту бойынша ұсыныс оқытушылар мен түлектер арасында қызу пікір алмасу тудырды. Факультетте осындай іс-тәжірибе бұрыннан бері жүргізіліп жатыр, түлектер өз білімдерімен, кәсіби және өмірлік тәжірибесімен жас ұрпақпен бөлісуде. Олар үлкен ықыласпен шеберлік сабақтарын өткізіп, лекциялар оқиды, өздерінің табысқа жету жолдары туралы әңгімелейді, сондай-ақ, өз компаниялары мен ұйымдарының базасында тәжірибе жүргізуді ұсынуда. Аға және жас буын арасындағы тәлімгерлік сынды ынтымақтастықтың түрі алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, ал жоба бұл қызметке жаңа серпін береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бейнежазба арқылы құттықтау жолдады. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидың: «Адамдар тек бірлесе, бір-біріне көмектесу арқылы ғана бақытқа жете алады», - деген сөздерін тілге тиек етіп, барлық қатысушыларды түлектер күнімен құттықтап, бірлік пен ынтымақтастыққа шақырды.

Онлайн кездесу барысында ЖОО-ның жетістіктері туралы бейнесюжет көрсетілді, түлектер мен оқытушылар студенттік өмір туралы естеліктерге үңіліп, соңғы уақыттағы оқиғалар жөнінде өз пікірлерімен бөлісіп, ҚазҰУ туралы соңғы жаңалықтармен танысты. Сонымен бірге, халықаралық қатынастар факультеті түлектерінің құттықтау бейнежазбалары ұсынылды, олардың қатарында БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілінің бірінші орынбасары С.Исетов, ҚР Президенті Аппаратының мемлекеттік инспекторы М.Қайырбек, ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры Н.Жұмақанов және т.б. болды.

Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының онлайн іс-шарасында ҚР-дағы БҰҰ жүйесінің тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің баспасөз және коммуникация жөніндегі кеңесшісі Э.Байназарова, ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті басқармасының басшысы Н.Айтмаханов және басқа да қатысушылар жылы лебіздерін білдірді. Кафедра меңгерушісі Е.Чукубаев түлектердің кездесуі факультет үшін де, жалпы университет үшін де маңызды екенін атап өтті.

Халықаралық құқық кафедрасының іс-шарасының модераторы, меңгеруші Ж.Сайрамбаева құттықтау сөзінде Түлектер күні университет пен оның тәрбиеленушілерінің тығыз және достық қарым-қатынастарын дамытып, факультет пен кафедраның іскерлік байланыстарын кеңейтіп, ҚазҰУ түлектерінің мыңдаған мүшесінен тұратын қауымдастығын нығайтып келе жатқанын алға тартты. Мәселен, инвестициялық холдинг компаниясының Президенті, кәсіпкер Думан Базарбаев факультет негізінде заң клиникасының ашылуына демеу көрсетіп, өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісуде.

Халықаралық қатынастар факультеті Түлектері кеңесінің мерекелік онлайн кездесуі декан, профессор С.Айдарбаевтың төралағымен аяқталды. Түлектер ұстаздарына ең жылы лебіздері мен алғыстарын білдіріп, сүйікті университеттеріне ары қарай өркендеуді тілеп ізгі ниеттерін жеткізді. Әрбірінің өзіндік өмірлік жолы бар, десе де олар жыл сайын топтастары және ұстаздарымен қайта қауышуға уақыт табуда. Ыстық ықыласты кездесу қатысушыларды ұзақ уақыт боы жағымды көңіл күйге бөледі, себебі студенттік жылдар әр қайсымыз үшін ұмтылмас, жарқын әрі жылы естліктерге толы болып қалмақ.

www.kaznu.kz