Жаңалықтар

Жаңа қоныспен!

15.06.2020

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушылары мен қызметкерлері «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Алатау Сити» жаңа тұрғын үй кешенінде пәтерлерге ие болды. Бақытты қоныстанушылар тұрғын үй мәселесін шешуге атсалысқан университет басшылығына алғыстарын білдірді.

Қуанышпен аяқталған бұл оқиға 2019 жылы АҚ «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы ИК» мен Білім және ғылым министрлігі арасында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша білім беру саласының қызметкерлеріне тұрғын үй беру туралы келісімге қол қоюмен басталған болатын.

Белгілі болғандай, бұл бағдарламаның шарттары қазақстандықтарға өте тиімді жағдайда баспаналы болуға мүмкіндік береді. «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сәйкес, жаңа тұрғын үйді жалға алу мерзімі 20 жылды құрайды, бастапқы жарнасы жоқ және мерзімінен бұрын айыппұлсыз сатып алуға болады. Ең бастысы, жалдау ақысының орташа айлық құны республика бойынша орташа нарықтық бағадан төмен.

Биыл осы бағдарлама бойынша Алматыда 144 пәтер бөлінді. Бұл ретте тұрғын үйге 24 ұйым үміткер болды. «Алатау Сити» жаңа тұрғын үй кешенінен университеттің 39 қызметкеріне бір, екі және үш бөлмелі пәтер бөлінді. ҚазҰУ қызметкерлерінің үлесі барлық қордың 27%-ын құрады. Пәтерді толық емес және көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалар, жастар және басқа да санаттағы қызметкерлер алды. Олардың 74%-ын оқытушылар, қалғандарын әкімшілік-көмекші қызметкерлер құрады.

Жаңа пәтерлердің бақытты иелерінің көңіл күйлері көтеріңкі. «Мен он жыл бойы пәтер жалдап тұрдым. Енді, міне, Алматыдан өз баспанама қол жеткіздім. Мен еліміздің жетекші университетінде жұмыс жасайтынымды мақтан тұтамын. ҚазҰУ басшылығына, білім және ғылым министрлігіне, Қазақстандық ипотекалық компанияға алғысымды білдіремін. Тұрғын үй алудың барлық кезеңдерінде маған қолдау көрсеткен әріптестеріме де шексіз рахмет айтамын. Еңбегіңіз бағаланып жатса, қандай жақсы! Бұл жаңа нәтижелерге ұмтылуға ынталандырады!», – деді қуанышымен бөліскен философия және саясаттану факультетінің аға оқытушысы Елнар Берікбаев.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ректораттың онлайн отырысында жаңа қоныстанушыларды құттықтап, оларға бақыт пен жұмыста табыс тіледі. Өз кезегінде, олар жоғары оқу орнының басшылығына осындай күрделі және аса маңызды тұрғын үй мәселесін шешуде көрсеткен көмегі үшін алғыстарын жеткізді. Бұл еліміздің жетекші университетінде қызметкерлердің еңбектері бағаланып, оларға үнемі жан-жақты көмек көрсетілетіндігінін дәлелдейді, себебі кадрлық әлеует – жоғары оқу орнының бәсекелестіктегі басты артықшылығы.

www.kaznu.kz