Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы Қазақстан Республикасының он үш жоғары оқу орындарының студенттері қатысқан құқықтану мамандығы бойынша Республикалық онлайн-олимпиаданы жеңіп алды.
Республикалық студенттік онлайн-олимпиада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша өтті. Оған Қазақстан Республикасының 13 жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Олимпиаданың мақсаты ‒ талантты студент жастарды анықтау және қолдау, сондай-ақ болашақ мамандардың арнайы кәсіби қабілеттерін дамыту. Қатысуға жоғары оқу орындарының «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіруші курс студенттері жіберілді.
Олимпиада екі турды қамтыды. Бірінші тур - «ҚР Азаматтық құқығы» және «ҚР азаматтық іс жүргізу құқығы», екінші тур - «ҚР Қылмыстық құқығы» және «ҚР Қылмыстық іс жүргізу құқығы». Студенттер «кейс» тапсырмаларын құқықтық практикадан нақты мысалдармен шешіп, қолданыстағы заңнама тұрғысынан нақты, негізделген жауаптар берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасының құрамына 4 курс студенттері: Мүтанбек Мүбарақов, Аспандияр Ғазизов, Нұрым Тұрлыби, Шыңғыс Рысбек және Айдос Райымқұлов кірді. Жақсы оқитын талантты жастар заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы және тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасы ұйымдастыратын және өткізетін барлық іс-шараларға белсенді қатыса отырып, ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетеді.
Олимпиаданың қорытындылары жеке сынақ бойынша шығарылды. Біздің команда лайықты нәтиже көрсетті. Жеке есепте бірінші және екінші орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері – Мутанбек Мубараков пен Нұрым Тұрлыби жеңіп алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасын жеңістерімен құттықтаймыз!
www.kaznu.kz