Жаңалықтар

ҚазҰУ оқытушысы фотобайқаудан жеңімпаз атанды

17-қар-20

Республикалық «Qazaq Geography» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Менің Қазақстаным» фотобайқауында «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» номинациясы бойынша ҚазҰУ-дың философия кафедрасының оқытушысы, докторант Досжан Балабекұлы жеңімпаз атанды.

Шара Қазақстанның экологиясына арналған және қоғамның назарын біздің ұлан-байтақ еліміздің табиғатына аудару және оны сақтау қажеттілігі, туған елге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу және табиғи байлыққа ұқыпты, жауапты қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында өткен. 

Байқауға еліміздің әр аймағынан үш номинация бойынша сурет қабылданды. Олар: Қазақстанның экология және қоршаған ортасы, Қазақстанның флорасы мен фаунасы және Қазақстанның табиғаты номинациялары.

Фотобайқауға табиғат түсірілімдерінің кіл мергендері қатысқан. Әр қатысуышының өзіндік шығармашылығы, жұмыстарының тартымдылығы, әдемілігі мен шеберлігі бар. Сондықтан, қазылар алқасы үздік жұмысты анықтау оңай болмағанын жасырмады.

Байқауда  бірінші орынға ие болған Досжан Балабекұлы өзінің бес суретін ұсынған, нәтижесінде бір суреті байқаудың үздік жұмысы деп танылды. Байқауға жүлде "Қазақстанның флорасы мен фаунасы" номинациясындағы Досжанның суреті ҚазҰУ қалашығында түсірілген жабайы түлкінің бейнесі. Қазылар алқасы, жабайы аңның осы суретін бірінші орынға ұсыныпты. Нәтижесінде, Досжанға «Qazaq Geography» қоғамдық бірлестігі ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Досжан үнемі ізденісте жүреді. Ол ҚазҰУ докторанты, оқытушысы, ақпарат маманы. Бос уақытында сүйікті ісі-фотографиямен шұғылданады. Оның шығармашылығы қала келбеті мен табиғат көріністеріне арналады. Көпшілік оқырман, Досжанды әлеуметтік желідегі парақшаларындағы жұмыстары арқылы таниды. Бүгінде оның суреттері фотобайқаулар мен көрмелерге жиі қойылады.

Сондай-ақ, осы байқау аясында қосымша tengritravel.kz онлайн дауыс беру бойынша да жеңімпаздар тізімін жариялады. Аталған номинацияда, Досжан Балабекұлының "Шұбайқызыл қызғалдағы" атты фотосуреті екінші орынға ие болды. Жеңімпазға tengritravel.kz фирмалық сыйлықтарын табыс етті. Құттықтаймыз!

www.kaznu.kz