- Негізгі бет
- Жаңалықтар
I Халықаралық ғылыми-экологиялық форум
10.12.2020Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде онлай режимде «Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» атты I Халықаралық ғылыми-экологиялық форум өтті. Бұл форумда қоршаған ортаны қорғау саласындағы негізгі проблемаларды талқылау және шешу жолдарын қарастыру және тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша ғылыми-тәжірибелік ұсыныстарды әзірлеу мәселелері қарастырылды.
Форумды ұйымдастырушылар: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Экология мәселелерінің ғылыми-зерттеу институты, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ.
Ауқымды іс-шараға ғалымдар, қоғамдық ұйымдардың, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, жақын және алыс шет елдердің өкілдері қатысты.
Пленарлық отырыста өзекті тақырыптарға баяндамалар жасалды: «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрайымы А. С. Соловьева, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма төрайымы Ж.А.Қазжанова, жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Н.Л.Шапекова, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі А. Ширанов және басқалары.
Халықаралық коллаборацияға шетелдік спикерлер де белсенді қатысты. Соның ішінде профессор Алмо Фарина (таза және қолданбалы ғылымдар департаменті, Урбино университеті, Урбино қ., Италия) «Ауылдық қорықтар: адам денсаулығын сақтаудың және биоәртүрліліктің тұрақтылығының жаңа стратегиялары» тақырыбында баяндама жасады. Порту политехникалық институтының (Португалия) президенті, профессор Жозе Карлуш Квадрадоның «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге жеке шығармашылық қатысу» тақырыбындағы баяндамасы да үлкен қызығушылық тудырды.
Секциялық отырыстарда мынадай бағыттардың кең спектрі қамтылды: «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі халықаралық ынтымақтастық»; «Табиғи ресурстарды орнықты пайдалану және қоршаған ортаны қорғауды реттеу»; «Биоәртүрлілікті сақтау және адам денсаулығының экологиялық факторлары»; «Экологиялық инновациялар және жасыл технологиялар» және т. б.
Зерттеушілердің жас буынының өкілдері де өздерін көрсете білді. Форумның өзекті тақырыптарына тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының 2 курс магистранттары А.Кабдыкадыров пен В.Муравьева баяндама жасады.
Халықаралық ғылыми-экологиялық форумның соңында қатысушылар баяндамалар аясында ұсынған ғылыми зерттеулердің нәтижелері талқыланды.