Сауд Арабиясындағы Қазақстан Елшілігі, Король Фейсал атындағы Исламды зерттеу орталығымен бірлесе «Әбу Наср әл-Фарабидің адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық конференция өткізді. Конференция Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қолдауымен өркениеттердің ұлы философы Әбу Насыр Әл-Фарабидің құрметіне жоспарланған ауқымды мерейтойлық ғылыми-практикалық іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Берік Арын құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қазіргі жастардың құндылық бағдарларын қалыптастыруда әл-Фараби мұрасының ерекше маңызы зор екенін еске салды.
Аталған шараға ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Король Фейсал атындағы Ислам зерттеулері орталығының төрағасы әл-Фейсал әл Сауд, ИЫҰ Бас хатшысының ғылым және технологиялар жөніндегі орынбасары А.Мусинов, Ирак жазушысы доктор Рашид Әл-Хайун, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі А. Дербісәлі және Сауд Арабиясының философтары мен ғалымдары қатысты.
Әл-Фейсал әл Сауд әл-Фарабиді ислам философиясының негізін қалаушы және әлемдік ғылымның жан-жақты дамуына оң серпін берген дана ұстаз деп атауға болатынын атап өтсе, ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары А.Мусинов Қазақстан тарапының бастамасымен ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 47-ші сессиясында әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу жөнінде арнайы қарар қабылданғандығына тоқталды.
Сауд Арабиясының зиялы қауым өкілдері халықаралық конференцияның маңыздылығын жоғары бағалап, қазақстандық әріптестермен ғылыми коллаборация құруға ниет білдірді. Мәселен, Король Фейсал орталығының сирек кітаптар бөлімінің меңгерушісі доктор Омар Тамалат орталық қорында әл-Фараби жайында ғылыми ізденістермен айналысатын қазақстандық ғалымдарға ұсынуға дайын бірнеше қолжазбасы мен 90-ға жуық еңбектерінің көшірмелері сақталатынын хабарлады.
www.kaznu.kz