- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Фарабитанушы ғалымдар бас қосты
14.12.2020Биыл бүкіл әлемде көрнекті ойшыл Әбу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдығы аталып өтуде. Посткеңестік кеңістіктің көрнекті фарабитанушылары отандық фарабитанудың қалыптасуына үлкен үлес қосты. 2020 жылдың 9 -12 желтоқсан аралығында әл-Фараби орталығы олардың қызметіне арналған бірқатар вебинарлар өткізді.
Бұл вебинарлар сериясының мақсаты – фарабитанушы ғалымдардың еңбектерін талдауға арналады. Және осы уақытқа дейінгі әл-Фараби мұрасын зерттеуге және насихаттауға үлес қосып келе жатқан фарабитанушылар, философия ғылымдарының докторы, профессор, «Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби» (2018), «Al-Farabi philosophy of the Second Master» (2019) монографияларының авторы Жақыпбек Алтайұлы мен философия ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің араб және ирантану кафедрасының доценті, әл-Фараби шығармаларының әйгілі аудармашысы Клара Хаимқызы сияқты көрнекті фарабитанушылардың шығармашылығын кеңінен таныстыру болып табылады.
Баяндамашылар ретінде әл-Фараби мұрасының көрнекті зерттеушілері шақырылды. Онлайн вебинарлар сериясын Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультеті философия және руханият негіздері кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Нигинахон Шермұхамедова және ҚазҰУ профессоры Гүлнар Мұқанова ашты. Сондай-ақ бұл онлайн-вебинарда кеңес және орыс философы, исламтанушы, классикалық араб-мұсылман философиясының маманы, философия докторы, профессор Тауфик Ибрагим, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Какен Камзин, саясаттану және құқық философиясы институтының саяси ғылымдарының кандидаты Некбахт Дороншоева, әл-Фараби орталығының бұрынғы директоры Жақыпбек Алтайұлы сынды басқа да фарабитанушылар шақырылды. Олардың баяндамалары тәлімгерлерінің жұмысын талдауға және барлық танылған фарабитанушылардың көптеген зерттеулерін қамтып, негізгі идеяларын ашуға бағытталды.