- Негізгі бет
- Жаңалықтар
COMSTECH-SAC ғылым мен технологияны дамытуға күш біріктіруде
01.02.2021Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ОIC) жанындағы халықаралық консультативтік кеңестің (COMSTECH-SAC) бірінші отырысы өтті. Оған посткеңестік кеңістіктегі академиялық қоғамдастықтың жалғыз өкілі – білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымы сыйлығының лауреаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов қатысты.
COMSTECH-SAC – ислам әлеміндегі ғылым, технологиялар мен инновацияларды дамыту саласында тәжірибе алмасу, әлеуетті арттыру, озық тәсілдер мен қолданбалы ұсынымдарды әзірлеу алаңына айналуға бағытталған жаңа институционалдық механизм.
Ғылыми-консультативтік кеңес бүгінде ОIC-қа мүше мемлекеттердің алдында тұрған ҰТБ-ны дамытудағы мәселелерді шешуге арналған. Оның құрамына әлемге әйгілі ғалымдар мен практиктер кіреді.
Отырысқа COMSTECH Бас Үйлестірушісі, Ислам әлемінің Ғылым академиясының Экс-Бас Директоры, Пәкістан Премьер-министрінің Ғылым және технологиялар жөніндегі нысаналы тобының Төрағасы мен 12 ислам мемлекетінің COMSTECH-SAC құрметті мүшелері қатысты.
COMSTECH Бас үйлестірушісі Икбал Чаудхари өзінің қарсы алу сөзінде ұйымның рөліне, бағдарламалары мен бастамаларына, ОIC елдерінде ғылыми-технологиялық құрамды ілгерілету жөніндегі жоспарларға тоқталды, сонымен қатар халықаралық консультативтік кеңестің қызметі жөнінде көзқарасын жеткізді. Бірінші отырыста ОIC-қа мүше елдердің ғылымы мен технологиясын дамыту мәселелері, сондай-ақ Астана декларациясына сәйкес ғылыми кеңес беру және озық тәжірибемен алмасу тетіктері талқыланды.
«Ғылым, технологиялар, инновациялар және ислам әлемінің жаңғыруы» атты ОIC Cаммиті Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылы Қазақстанда шақырылған болатын. Астана декларациясында ОIC-қа мүше мемлекеттердің тұрақты даму және қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге қарсы тұру мақсатында ынтымақтастықты бірлесіп кеңейту ұмтылысы алға тартылып, ұйымға қатысушы елдерде ғылым, технологиялар мен инновацияларды дамыту саласындағы басымдықтар мен ортақ міндеттер айқындалған.