Жаңалықтар

Ерлік сабағы

15.02.2021

15 ақпан – Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығару күні. Осыған орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әскери кафедрасында онлайн-режимде ерлік сабағы өтті.

Шараға интернационалист-жауынгер, Қызыл Жұлдыз орденінің және «Ерлігі үшін» медалінің иегері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасының аға оқытушысы, запастағы подполковник Александр Николаевич Шашацкий, университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Ерлік сабағын ашқан ҚазҰУ әскери кафедрасының бастығы, запастағы полковник Олег Ажимов сол соғысқа қатысқан барлық сарбаздар мен офицерлер жауынгерлік рух мен қайсарлығын көрсеткенін атап өтті.

1979-1989 жылдар аралығында Қазақстанның 22 мыңнан астам интернационалист жауынгері Ауған соғысының қан майданын кешті. Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің ішінде14 мыңнан астамы қаза тауып, 298 әскери қызметкер хабар-ошарсыз кетті. Мыңға жуық қазақстандық қаза тапты, оның 21-і жоғалып кетті. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау барасында көрсеткен ерлігі үшін 4377 қазақстандық жауынгер ордендер және медальдармен марапатталды.

Қарулы Күштердің еңбек сіңірген ардагері, запастағы подполковник А.Н. Шашацкий студенттер алдында сөз сөйлеп, өзінің жауынгерлік жолдастарын, сол сұрапыл соғыста бастан кешкен күндерін еске алды. «Олардың барлығы соғыс отын кешіп, асқан ерлікпен шайқасып, әскери ынтымақтастығын көрсетті»,– деп атап өтті.

Жас ұрпақ атынан Мәдина Қарсенбай мен Жалау Елбол өнер көрсетті. «Ардагерлердің ерлігіне тағзым етіп, батыр-патриоттар туралы естеліктерді өз жүрегімізде қастерлеп сақтай отырып, болашақ офицерлер Отанға лайықты қызмет етіп, жердегі бейбітшілікті сақтау үшін бар күшімізді жұмылдырамыз», – деді Жалау Елбол өз сөзін аяқтап.

Кездесу барысында «Ауған соғысының шежіресі» атты фильм көпшілікке көрсетілді.