Жаңалықтар

Жас ғалымдарға жағдай жасалады

04.03.2021

ҚазҰУ жас ғалымдарының білім ордасының дамуындағы рөлі, олардың шығармашылық жобалары мен бастамаларын қолдау және ғылыми идеяларын талқылау мақсатында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жансейт Түймебаев жас ғалымдармен және жас ғылымдар кеңесінің мүшелерімен арнайы кездесті.

Әңгіме барысында оқу орнының басшысы Жансейт Түймебаев соңғы жылдары ғылым саласы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналғанын атап өтті. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғылымды қажетсінетін экономика құру мақсатын алға қойғанын, бұл тапсырманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғастырып отырғанын жеткізді. Президент Жолдауына сәйкес, ғылым мен білімді экономиканың жекелеген салалары ретінде қалыптастыру қажеттігін алға тартты.  

«Құрылғанына 90 жылға таяп қалған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымының флагманы, жоғары білікті кадрлар мен ғылыми жаңалықтардың ортасына айналды. Осы тұрғыда қазіргі әлемде университеттің рөлі мен үлесін білім беру функциясы ғана емес, сонымен қатар ғылыми-инновациялық бағыты қоса анықтайды.

Әлемнің көптеген жоғары дамыған озық елдеріндегі университтің жетістіктері мен инновациялық экономиканың даму көрсеткіштері «үштік спираль» моделін пайдалана отырып, өндіріс орталықтарындағы патенттер мен коммерцияаланған технологияларды енгізу болып табылады. Осылайша, мемлекет қоғамға тиімді жағдайлар жасауға бағытталған ғылыми зерттеулерге, университеттерге инвестиция салудан пайда көре алады» деді өз сөзінде ректор.

Бүгінгі таңда жоғары білім мен іргелі ғылымның қара шаңырағында 40 жасқа дейінгі 311 жас ғалым жұмыс істейді. Олардың көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында тағылымдамадан өткен. Жас зерттеушілердің ғылыми жетістіктері Қазақстанда және одан тыс жерлерде жоғары бағаланып келеді.

«Бүгінгі жас ғалымдар, еліміздің ертеңі сіздер ҚазҰУ-дың ғылыми мектептерінің даңқы мен дәстүрлерін жалғаушысыздар, араларыңызда болашақта жаңа ғылыми бағыттардың иегерлері бар. Сіздер ҚазҰУ мен Қазақстан кадрлық резервінің негізісіздер,сондықтан әрқайсыларыңыз қарым-қабілеттеріңізді көрсетіп, университет пен еліміздің дамуына үлес қосатындарыңызға сенемін», - деді Ж.Түймебаев.

Келесі кезекте білім ордасының жас ғалымдары мен университеттегі жас ғылымдар кеңесінің мүшелері өз ойларын ортаға салып, ұсыныс тілектерімен бөлісті.

Шара соңында басқарма төрағасы – ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев кездесуге қатысушыларды алдағы уақытта да өзара пікір алмасуға, жас ғалымдарды қолдаудың қосымша шаралары мен тетіктерін бірлесіп әзірлеуге шақырып, ҚазҰУ ғылымы мен инновациясын одан әрі дамыту үшін идеялар мен ұсыныстар дайындауды тапсырды. 


Ақнұр ЖИДЕБЕКҚЫЗЫ,

Экономика және бизнес жоғары мектебінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары:

Біздің университетте ізденіс бар және сол ізденістің нәтижесімен бөлісу деген жақсы дәстүр бар. Шетелдерде тәжірибеден және тағылымдамадан өтіп келген жастар ай сайын екі рет болатын ғылыми әдістемелік семинарларда өз бастамаларымен, тәжірибелерімен бөліседі. Нәтижесінде жастар өздері машықтанып Scopus-та мақалаларын жариялайды, әртүрлі гранттық жобалардың жеңімпаздары атанып жетістіктерімен қуантады. Факультеттегі 6 жобаның бесеуі жастардың үлесінде.

Бүгінгі қоғам әлемдік тәжірибе алмасу ғылымының драйвері екені анық. Факультетке жыл сайын 30-40 докторант оқуға түседі, одан соң оларға екі айдың ішінде шетелден жетекші табу деген бар. Тегіннен-тегін 3 жыл бойы бір адамды тәрбиелеп шығаруға келісетін шетелдік жетекші табу қиынға соғады. Сондықтан, жас ғалымдардың атынан докторанттарға шетелдік тәжірибеге де қандай да бір материалдық қолдау ескерілсе деген ұсынысым бар.

Екінші мәселе, өз басым инновацияларды басқару мамандығы бойынша білім алдым. Менің диссертациялық тақырыбым ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерцияландыруға байланысты болды. Сол кезде университеттегі ғылыми бөлімдер, зертхана, лабораториялардағы керемет ғылыми-зерттеу нәтижелеріне куә болдым. Сол зерртеулермен айналысатын ғалымдарға «неге бұл дүниелерді нарыққа шығарып сатпайсыздар? Сатсаңыздар мол қаржы табуға болады ғой» деген сауал қойғанда әртүрлі жауап берді. Осыған қатысты ғылыммен айналысып өнім шығарып жатқан өнертабушылармен біздің факультеттегі инновациялық менеджмент мамандығының тәлімгерлерін біріктірсек және бұл оқу жоспарына қосылса нағыз нәтиже болады деген үміттемін. Сондай-ақ ғалымдар ғылымда өзіне қызықты тақырыпты зерттей беруді ғана емес, дайын болған ғылыми зерттеме «қайда сатылады? Оның тұтынушысы кім? Нендей пайда әкеледі?» дегенді де ойлауы қажет. Егер мүмкіндік болса, экономика факультеті техникалық мамандықтардың ғалымдарына арнайы бір курсты әзірлеп өткізсек, осыған біздің факультет белсенді түрде араласса дегім келеді.

Аида ҚЫСТАУБАЕВА,

Биотехнология кафедрасының меңгерушісі:

Пандемия кезінде біздің ғалымдар COVID-19 вирустық ауруын емдеу және оның алдын-алу үшін 3 препарат ұсынған болатын. Осы тұста биология және биотехнология факультетінің ғалымдары Микотрих препараты, Рисо-Лакт, Спирулина Лайф, стевия негізіндегі диабетпен ауыратын науқастарға арналған дәрі-дәрмек шығару және басқа да емделушілерге арналған препараттарды өндіретін орталықтар ашу туралы ұсынысым бар. Жақында әлеуметтік желілерден университетімізде коммерцияландыру орталығы құрылатыны туралы естідім. Біздің білім ордамыз Акционерлік қоғам болып ауысып жатқан тұста, бұл өте уақтылы жасалған және қажет қадам деп есептеймін.

Мұхит МҰРАТОВ,

ҚазҰУ-дағы ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасының директоры:

– Бүгінде ҚазҰУ-дағы ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасының соңғы 12 жылда атқарған еңбегі орасан зор. Университетіміздің ғылымын жетілдіру мақсатында зертхана табысты жұмыс істеуде. Әлемнің біз секілді ғылыми-зерттеу институттарымен тереземіз тең болып қалды. Алайда зертханадағы жабдықталған ғылыми аспаптар, соңғы 10-12 жылда ескірді. Жаңартуды талап етеді. Республика деңгейінде қаржы бөлініп, университеттің бюджеттен тыс есебінен көмек көрсетілсе деп сұраймыз.

Ерболат ҮСЕНОВ,

Физика-техникалық факультетінің постдокаторанты:

– Мен осы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегімін. Елімізде алғаш рет ашылған постодкторантура бағдараламасы бойынша ҚазҰУ-ға оқуға түсіп, қазір ғылыми жұмысымды әрі қарай жалғастырудамын. Постдокторантура бағдарламасының басты ерекшелігі мен талаптарының бірі (ғылыми басылымдардан басқа), кіші ғылыми топ құрып, докторанттар мен магистранттар дайындауға мүмкіндік береді. Одан бөлек постдокторантура бағдарламасы ғылыми жұмысқа толықтай уақыт бөлуге және шет елдерге ғылыми сапарларға шығуға да барынша жағдай жасағаны үшін университетіме ерекше алғыс білдіремін.     Осы жылы постдокторантура бағдарламасының алғашқы буыны аяқталады. Жаңадан өсіп келе жатқан жас докторанттардың өз ғылыми жұмыстарын университетімізде ары қарай жалғастыру үшін постодкотрантура бағдарламасының ары қарай жалғасын табуға назар аударсаңыздар екен. Одан кейінгі әлемдік университеттерде «зерттеуші – доцент», «зерттеуші – профессор» секілді лауазымдар бар. Бұл мәселені соңғы уақыттарда біздің университетімізде де көтеріп жатқанын білеміз. Осыған байланысты факультеттерімізде ғылыммен белсенді айналысатын ұстаздар үшін осындай лауазымдарды енгізу қолға алынып, қолдау көрсетілсе дейміз.

Думан Жекенов,

Халықаралық қатынастар факультетінің оқу әдістемелік және тәрбие жөніндегі декан орынбасары, PhD докторы    

2011 жылы ҚазҰУ-дың докторантурасында оқып жүргенде Қытайдың Пекин қаласында QS көрсеткіші бойынша, әлемде үздік 15 университетке кіретін Бейжің университетінен іс-тәжірибеден өттім. Сол жоғары оқу орнында жүрген кезде бір үлкен тәжірибе қатты әсер етті. Ол жердің идеологиясында университет сендердің – аналарың. Сендер оның сүтін емдіңдер, өскенде міндетті түрде аналарыңа қарыздарыңды қайтарасыңдар деп тәрбиелейді екен. Маған жалаң лозунг сияқты көрінген. Елге оралған соң Қазақстандағы Қытай кәсіпкерлер Одағының президентімен таныстым. Пекин университетінің түлегі екен, тапқан табысының 10 пайызын ешқандай үгіт-насихатсыз өзі білім алған университетіне аударып отыратынын білдім. Олар ақылы оқыса да, «анама қарызымды қайтаруға тиіспін» деп есептейді.

Егер біз де түлектерге осындай дәстүрмен тәрбиелей алатын болсақ, жас ғалымдарға берілетін жалақыны көбейтуге де жол табуға болар еді. Біз де аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен, жетім, жартылай жетім, денсаулығы кемшін студенттер бар. Осы идея қолға алынса, үлкен аға-әпкелері кейінгі іні-қарындастарына инвестиция салып, көмектесер еді.

Ғалия Ысқақова,

Тарих факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы, PhD докторы 

Қазіргі таңда оқу үдерісі, жалпы оқытушыға деген талап өзгерді. Бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін білім алушыларға ғана емес, оқытушыларға да лайықты жағдай жасалуы қажет. Мысалы, ең қарапайым болып көрінсе де, біздің факультеттегі материалдық жабдықтау оқу процесін жүзеге асыруға әлсіз. Әлемдік стандарттарға сай емес. Жаңа пәндерді оқыту жүйесі бар, бірақ біз көп жағдайда теория түрінде өткіземіз. Өйткені арнайы шеберлік зертханалар жоқ. Шет мемлекеттерде кез-келген оқу процесін ұйымдастыру үшін арнайы техникалармен қажетті деңгейде жабдықталған. Біздің факультеттерде қарапайым проектор жоқ. Мектептердің өзі баяғыда LED экрандарға көшіп кетті.

Одан да жоғары техниканы Назарбаев мектептерінен көруге болады. Гуманитарлық салаларда зерттеулер жүргізу үшін бағдарламалар сатып алу керек, бірақ оған қаржы жеткіліксіз.

Біз оффлайннан онлайнға ауысқан кезде, тағы да бір мәселеге кездестік. Зерттеуші және оқытушы ретінде ағылшын тіліндегі дисциплиналарды жүргізе отырып, тұрақты ағылшын тілді базаларға кіруге мүмкіндігіміз болмады. Белгілі бір уақытта қолданатын базалар бар, алайда шетелдік оқу орындары сияқты әлемдік базалардағы ақпараттар қол жетімді болса дейміз.

www.kaznu.kz