- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ядролық физика институты жанынан ҚазҰУ-дың филиалы ашылады
11.03.2021Қазіргі заман көшінен қалмау үшін отандық ғылым мен білімде білгірлік таныту қашанда қажеттілік саналады. Осы білім мен ғылым саласының даму бағыттарын одан әрі жетілдіру мақсатында ҚазҰУ КЕАҚ Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев ҚР Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтының өкілдерімен кездесті.
Кездесуде ғылым мен білімді халықаралық деңгейге көтеру қажеттігіне баса мән берген ректор Жансейіт Түймебаев: «Бүгінгі таңда көптеген ғылыми-зерттеумен айналысатын ғалымдардың еңбегі жайлы көп айтылмайды. Нақты ғылыми зерттеудің нәтижесіне ие ғалымдардың жетістіктері тасада қалмай, танылу қажет. Ғылым бүкіл дүниеге ортақ заманда біз халықты елең еткізетін жаңалық ашуға талпынып, бірлесе жұмыс атқарып, барлығымызға ортақ беделді арттырайық», - деді.
1957 жылы құрылған ҚР Энергетика министрлігінің Ядролық физика институты (ЯФИ) ядролық физика және қатты дене физикасы, радиоэкологиялық зерттеулер, ядролық және радиациялық технологиялар саласындағы Қазақстан Республикасының жетекші ғылыми ұйымы болып табылады. Институт ірі ғылыми-техникалық және өндірістік әлеуетке ие.
«Қазіргі таңда аталған салалар бойынша институт шетелдік байланысты одан әрі күшейту мақсатында ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізуіне ерекше мән береді. Бұл өз кезегінде тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік ашады. Институтта 700-дей адам жұмыс істейді, солардың ішінде 75-ге жуығы ғылым докторы мен кандидаты бар. Осы ретте жас мамандар қатысатын ҚазҰУ-мен бірлескен үлкен ауқымдағы шара ұйымдастырсақ және институт жанынан ҚазҰУ-дың филиалын ашып берсеңіздер деген ұсынысым бар», – деді ядролық физика институтының бас директоры Батыржан Қаракөзов.
Сондай-ақ, кездесу барысында тараптар ғылым дамуының басқа да бағыттарын талқылап, ректор Жансейіт Түймебаев институт басшысына алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстар бойынша ынтымақтастық жобасын дайындауды ұсынды.