Жаңалықтар

Үздік оқытушылар марапатталды

17.03.2021

Жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамын ынталандыру, көтермелеу мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі жыл сайын ұйымдастыратын «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2020» конкурсының жеңімпаздары анықталды. Марапаттау рәсімі карантиндік шараларды сақтау талаптарына сай «ZOOM» жүйесінде өтті. Шараға ҚР Білім және ғылым министрі, жоғары оқу орындарының басшылары мен ұстаздары қатысты.

Салтанатты жиынды ашқан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов конкурстың 150 жеңімпазын, соның ішінде ҚазҰУ-дың 18 ұстазын құттықтады. Министр өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жоғары білім беру жүйесіндегі реформалар бойынша жүзеге асырылатын мәселелерге тоқталды.

– Бізге реформаларды қолға алу қажет және осы жұмыстың басында студенттер мен оқытушылар басты назарда болуы шарт. ҚР БҒМ-не оқытушы-профессорлық құрамның мәртебесін өсіру, еңбекақысын көтеру, оқытушыларды өзіне тән емес жұмыстарға тартуға жол бермеу сияқты бірқатар міндеттер тұр. Біз жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамының ең төменгі жалақысы 200 мың теңге, ал профессордың төменгі айлығы 350 мың теңге болуы керек деген шешім қабылдадық, - деді өз сөзінде министр Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол оқытушылардың жұмысына тоқталып, жаңа оқу жылынан бастап оқытушының жүктемесі 700 сағаттан аспауы керектігін ескертті. Мұндай өзгерістер оқытушылардың білім беру сапасын арттыруға және ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндік береді. Министр сондай-ақ, білім мен ғылымның дамуына үлкен үлес қосып жатқан ұстаздарды ұлықтаудың, соның ішінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының маңызына тоқталды. Өткен жылы қараша айында жарияланған бұл конкурсқа 46 ЖОО-нан 623 ұстаз ұсыныс берген. 

 


Байқауда оқытушылардың қызметі жан-жақты сарапталып, негізінен сабақ беру сапасы мен ғылыми-зерттеу қызметі тұрғысынан баға берілді. Ақтық кезеңде үміткерлердің жұмыстарын тексеру үшін республикалық сараптамалық комиссия құрылып, оның құрамына ҚР БҒМ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі «Adal Bilim» жобалық кеңсенің қызметкерлері, ғалымдар мен оқытушылар, сондай-ақ өткен жылдардағы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының иегерлері кірді. Оның нәтижесі бойынша 150 оқытушы үздік деп танылды, олардың 18-і әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұстазы. Байқау жеңімпаздарының әрқайсысы 5 834 000 теңге көлемінде грантқа ие болды.

 

Іріктеу нәтижесінде ҚазҰУ-дың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2020» байқауының жеңімпаздары анықталды: математика кафедрасының аға оқытушысы Серик Айтжанов, плазма физикасы және компьютерлік физика кафедрасының доцент м.а. Нүрия Бастықова, дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының доценті Гүлжан Беделова, биотехнология кафедрасының аға оқытушысы Рамза Бержанова, молекулярлық биология және генетика кафедрасының профессоры Амангелді Бисенбаев, аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының меңгерушісі, доцент Алина Галеева, экономика кафедрасының профессор м.а. Ғалия Даулиева, жалпы және қолдаңбалы психология кафедрасының аға оқытушысы Манзура Жолдасова, информатика кафедрасының аға оқытушысы Сымбат Қабдрахова, химиялық физика және материалтану кафедрасының профессор м.а. Бақытжан Ілесбаев, жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының доценті Илона Матвеева, Қазақстан тарихы кафедрасының профессор м.а. Талғат Мекебаев, география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлнар Нүсіпова, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы Ернар Оңалбеков, қатты дене және бейсызық физика кафедрасының профессор м.а. Ахмет Сайымбетов, метеорология және гидрология кафедрасының профессоры Виталий Сальников, әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының PhD докторы Сәбира Серікжанова, қылмыстық құқық және іс жүргізу, криминалистика кафедрасының доценті Әсел Шарипова болды.

 

ҚазҰУ-дың ғылыми кеңес залында конкурс жеңімпаздарына «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2020» төсбелгілері салтанатты түрде тапсырылды. 

 

 


www.kaznu.kz