Жаңалықтар

Студенттік декандар марапатталды

03.04.2021

«Студенттік көктем – 2021» фестивалін ұйымдастыруға белсене атсалысқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ факультеттерінің студенттік декандары ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың қолы қойылған дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

 

ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысы жөніндегі департаменті және студент жастардың атсалысуымен ұйымдастырылатын студенттік көркемөнерпаздар байқауы биылғы жылы онлайн режимінде өтті. Студенттік шығармашылық және өнер мерекесін жоғары деңгейде өткізу үшін байқау қатысушылары мен ұйымдастырушылары бар күш-жігерін жұмылдырды. Студенттердің айтуынша, биылғы фестиваль, әсіресе оған дайындық өте қызықты өткен. Студенттік декандар бастаған командалар фестиваль додасында бар өнерін ортаға салды.

«Механика-математика факультетінің студенттері темірдей логикасымен, өзгеше ойлау қабілетімен ерекшеленеді. Сондықтан фестивальге ең талантты, білімді дегендерді шақырдым. Оларға дайындық кезінде де, өнерлерін көрсеткенде де осы қабілеттері қатты көмектесті. Нәтижесінде, біз бірінші орынға қол жеткіздік, біздің еңбегіміздің лайықты бағаланғанына өте қуаныштымын», дейді механика-математика факультетінің студенттік деканы Абзал Әріпов.

 


Фестиваль қатысушылары өздерінің қайталанбас бейнесюжеттерін түсіруге және концерттік нөмірлерін дайындауға көп тер төкті. Мысалы, тарих факультетінің командасы күрделі ауа-райы жағдайына қарамастан алдын ала жазылған сценарий бойынша Ақмешіт үңгіріне арнайы барып, түсірілім жасаған. Фестиваль тақырыптары – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Наурыз мейрамына арналған. ҚазҰУ-дың тарих факультетінің студенттік деканы Нұрболат Өмірзақтың пікірінше, фестиваль олар күткеннен де қызықты әрі тартысты өткен. Талантты жастар ерекше шабытпен орындаған керемет ән-билер, қайталанбайтын образ қазылар алқасының көңілінен шығып, тәнті етті.

Фестивальді қорытындылаған ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Жұлдыз Есімова факультеттің және бүкіл университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген барша студенттерге алғыс білдірді. «Бұл – университет жастарының мәдени-рухани дамуға, ел тарихы мен ұлттық салт-дәстүрлерге ерекше көңіл бөлетіндігінің нағыз дәлелі. «Студенттік көктем – 2021» фестивалі жай ғана байқау емес, бұл студенттердің және бүкіл университеттің үйлесімді дамуының айқын нышаны», деді Жұлдыз Дәпенқызы. Факультеттердің студенттік декандарына: механика-математика факультетінен Абзал Әріповке, тарих – Нұрболат Өмірзақ, биология және биотехнология – Бейбарыс Жиенғазиев, философия және саясаттану – Мұсатай Ғасыржан, филология – Сәния Саттарова, шығыстану – Аида Мырзағалиева, география және табиғатты пайдалану – Меруерт Пралина, химия және химиялық технология – Нарғыз Куанышбай және халықаралық қатынастар факультетінен Зарина Жақановаға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың қолы қойылған дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.