- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ ғалымдары Президент алғыс хатын алды
13.04.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде онлайн форматта өткен Ғылым қызметкерлері күніне арналған ғылыми кеңесте университеттің бірқатар ұстаздары Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, оқу орнының медальдарымен және ректордың Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Онлайн конференцияда ұстаз-ғалымдарды айтулы күнмен құттықтаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев университеттің соңғы жылдардағы жетістіктеріне және алдағы басымдық беріп отырған бағыттарына тоқталды.
– 2020 жылы университет ғалымдары жалпы мөлшері 6 млрд теңгеге 400-ден астам ғылыми-зерттеу жобаларын орындады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 22% - ға артық.
Әлемнің рейтингтік басылымдарында ғылыми жарияланымдар саны бойынша ҚазҰУ Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ҒЗИ арасында көшбасшы, жылына Scopus журналдарында 1000-нан астам мақала жариялайтын алғашқы университет. Жалпы, қазақстандық авторлардың рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші жарияланымы – ҚазҰУ ғалымдарының үлесіне тиесілі. Тәжірибе көрсеткендей, жариялау белсенділігін арттырудың ең тиімді ынталандыруы Scopus дерекқорына кіретін жоғары рейтингті журналдардағы мақалаларды марапаттау болып табылады. Мысалы, өткен жылы сыйақының жалпы көлемі шамамен 175 млн.теңгені құрады.
ҚазҰУ-дың жарияланымдық белсенділік саласындағы жоғары көрсеткіштері бірқатар марапаттарға ие болды. Университет 2020 жылы Web of Science беделді деректер базасының «Ғылым көшбасшысы» сыйлығының үш номинациясын жеңіп алып, қазақстандық жоғары оқу орындары мен ҒЗИ арасында рейтингтік басылымдарда жетекші орынды растады. Сондай-ақ, өткен жылы «ҚазҰУ-дың Математика және физика бойынша Халықаралық журналы» Web of Science деректер базасына енгізіліп, университеттің осы базада индекстелетін төртінші ғылыми басылымы болды. Жыл сайын патенттер саны өсуде. Тек өткен жылдың өзінде ҚазҰУ ғалымдары 400-ден астам қорғау құжаттарын алды. Іске асырылып жатқан жобалар шеңберінде ғалымдар инновациялық кәсіпорындар мен спин-офф компанияларын құрды, жоғары технологиялық өнімдер шығаратын шағын сериялы өндірістер іске қосылды, көміртекті наноматериалдар, энергия үнемдейтін газразрядты шамдар, табиғи өсімдік шикізаты негізіндегі дәрілік заттар өндірісінің технологиялық желісін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Құрметті әріптестер, Сіздер ҚазҰУ мен Қазақстанның зияткерлік әлеуетінің негізі болып табыласыздар. Университет басшылығының, жеке менің өзімнің де мақсатым – сіздердің шығармашылық, ғылыми әлеуетіңіздің толық көлемде ашылуына барлық қолайлы жағдайларды жасау. Сіздердің тараптарыңыздан біз экономикалық және технологиялық даму саласында да, сондай-ақ қоғамның игілігі мен рухани құрамдас бөлігінде де жоғары нәтижелер мен ғылыми жетістіктер күтеміз», – деді құттықтау сөзінде ректор Жансейіт Түймебаев.
Университетте жас ғалымдарды қолдаудың тұтас жүйесі жұмыс істейді. Соңғы жаңалықтардың бірі-постдокторантура институтын енгізу. Бүгінде постдок-35 жас ғалым зерттеулердің өзекті бағыттарын дамытып, жаңа ғылыми мектептер құруда. Постдокторантура арқылы біз Қазақстан мен әлемнің жетекші университеттерінің үздік кадрларын тартамыз, сол арқылы «білімгерлердің сыртқа кетуі» мәселесін шешеміз. Біздің осы саладағы бірегей тәжірибеміз Қазақстанның басқа жоғары оқу орындары үшін үлгі болары сөзсіз. Сондай-ақ, өткен жылы көлемі 270 млн теңгеден асатын гранттық қаржыландыру жобалары шеңберінде ақылы негізде ҒЗЖ орындауға білім алушыларды тарту сияқты жас ғалымдарды қолдау тетіктері табысты іске асырылуда. Оқу орнындағы жас ғалымдарды қолдау бойынша жүзеге асырылып жатқан саясат өз жемісін беруде. 2020 жылғы жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жұмыс үшін жас ғалымдарға арналған Д.А.Қонаев атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары физика-техникалық кластерді зерттеушілердің жаңа буын өкілдері болды.
Ғылыми кеңесте профессор Зұлқайыр Мансұров, ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Байдәулет Урмашев, профессор Нұржамал Алдабек әріптес ғалымдарды мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ж.Қ. Түймебаев Ғылым күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және дала данышпаны, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларына арналған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қосқан үлесі үшін профессорлар құрамы мен қызметкерлерге жолдаған Алғыс хатын табыстады. Марапатталғандар қатарында университеттің профессорлары және қызметкерлері – Мехмет Арслан, Жақыпбек Алтаев, Жанғара Дәдебаев, Айжан Смайлова, Бекжан Мейірбаев, Қалима Туенбаева, Ақмарал Сырғақбаева, Ықтияр Палтөре, Әлия Масалимова, Айнұр Құрманәлиева, Дәурен Мұхамеджанов, Дәурен Дүйсебаев, Наталья Сейдахметовалар бар.
Қазақстан ғылымына қосқан елеулі үлестері үшін университет ректорының бұйрығымен – теоретик-физик Владимир Жунушәлиев, Жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасының профессоры Жанар Ыбраева, механика кафедрасының профессоры Мұхтар Менглібаев, әл-Фараби орталығының директоры Бекжан Мейірбаев, орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының профессоры Людмила Екшембаевалар «Ерен еңбегі үшін» медалімен және қытай тілі кафедрасының профессоры Нұржамал Алдабек, биофизика және биомедицина кафедрасының профессоры Сұлтан Төлеханов, археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Виктор Зайберт «әл-Фараби» күміс медалімен марапатталды.
Сондай-ақ, өз жұмыстарын үздік атқаратын, қашанда алдыңғы қатардан көрінетін ұстаз-профессорлар: б.ғ.к., профессор Айгүл Ахметова, PhD докторы Қадыржан Смағұлов, PhD докторы Әлібек Ыдырыс, PhD докторы Ақнұр Жидебекқызы, з.ғ.к., доцент Ербол Әлімқұлов, с.ғ.д., профессор Ғалия Ыбраева, т.ғ.д., профессор Әбдеш Төлеубаев, PhD докторы Алмас Темірбеков, т.ғ.к., доцент Қасым Досқаев, э.ғ.к. Назым Дабылтаева ректордың Құрмет грамоталарымен марапатталды.