- Негізгі бет
- Жаңалықтар
РЕКТОР ЖАС ҒАЛЫМДАРМЕН ОНЛАЙН ЖҮЗДЕСТІ
14.04.2021«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ Басқарма Төрағасы-Ректоры Ж.Қ.Түймебаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Ақылды ұрпақ» жоба аясында және Ғылым күніне байланысты университеттің жас ғалымдарымен онлайн кездесу өткізіп, ғылыми-инновациялық қызметін дамыту жөніндегі олардың ұсыныстары мен идеяларын тыңдады. Кездесуге 200-ден астам жас ғалымдар қатысты.
Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және қазіргі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ғылымды дамытуға және жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі әлемде кез-келген елдің ең құнды активі зияткерлік, адами капитал болып табылатыны даусыз. Әрбір мемлекеттің мақсаты – бірінші кезекте жас ұрпақтың шығармашылық, ғылыми бастамаларын дамытуға барлық жағдай жасау.
Бүгінгі күні ҚазҰУ-да 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалымдар жұмыс істейді. Олардың көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында тағылымдамадан өткен, ғылыми жетістіктері Қазақстанда және шет елдерде жоғары бағаланған ғалымдар. Ағымдағы жылы жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру аясында 900 млн теңгеден астам 60-қа жуық жоба орындалуда. Бұл біздің жастарымыздың жоғары ғылыми-инновациялық әлеуетін көрсетеді. Жас ғалымдардың шығармашылық, ғылыми әлеуетін одан әрі ашу мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы барлық қажетті жағдайларды жасауда. Университетте жас ғалымдарды қолдау мақсатында тұтас жүйе жұмыс істейді. Білім алушыларды гранттық қаржыландыру жобалар шеңберінде ақылы негізде Ғылыми зерттер жумыстарын (ҒЗЖ) орындауға тарту механизмдері іске асырылуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Ж.Қ.Түймебаев сөз басында жас ғалымдарды Ғылым қызметкерлері күнімен, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Жас ғалымдар ҚазҰУ мен Қазақстанның кадрлық резервінің негізі болып табылатынын, кез келгені университет пен еліміздің өміріне белсенді қатыса алатынын және университет басшылығы олардың инновациялық ұсыныстарын қолдайтынын, жалпы жас ғалымдарды қолдау жүйесін одан әрі жақсартудың тиімді механизмдері жасалатынын айтты.
– Құрметті жас ғалымдар, университетіміздің ұстаздары, сіздер ҚазҰУ ғылыми мектептерінің даңқты дәстүрлерін жалғастырушысыздар, болашақта сіздердің араларыңызда жаңа ғылыми бағыттардың, ғылыми мектептердің негізін қалаушылар ретінде танылатындар бар екеніне сенімдімін. Сіздер ғылыми жетекші ретінде ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыруға белсенді ат салысып отырсыздар. Өз зерттеулеріңіздің нәтижелерін әлемнің жетекші басылымдарында жариялап, озық ғылыми орталықтармен және университеттермен халықаралық ынтымақтастық орната алдыңыздар.Жастарды ғылыми ізденіске тиімді ынталандыру жолдарының бірі – Скопус деректер базасына кіретін жоғары рейтингті журналдардағы мақалалары үшін ғалымдарға сыйақы беру. Мысалы, өткен жылғы сыйақы көлемі шамамен 175 млн теңгені құрады. Зерттеудің өзекті бағыттарын дамыту, жаңа ғылыми мектептерді қалыптастыру үшін ҚазҰУ-да постдокторантура институты енгізілді, оған біз Қазақстан мен әлемнің жетекші университеттерінің үздік кадрларын тартамыз. Дарынды білім алушылар мен жас ғалымдарды қолдау жөніндегі осы жұмыстардың барлығын университет басшылығы мен жеке өзім жалғастырып қана қоймай, сонымен қатар Сіздердің бүгінгі ұсыныстарыңыз негізінде одан әрі кеңейтетін боламыз. Бұл сіздермен екінші кездесуіміз. Алдағы уақытта университетте ғылыми-инновациялық саланы дамыту және жоғары нәтижелерге қол жеткізу мақсатында осындай іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Баршаңызға шығармашылық табыс, ғылыми жаңалықтар, жаңа белестер мен жаңа білімге табанды ұмтылыс тілеймін! – деді өз сөзінде ректор Жансейіт Түймебаев.
Жас ғалымдар өз кезегінде алдағы жоспарларымен бөлісіп, ғылыми-инновациялық саланы дамыту бойынша ұсыныстарын, пікірлерін ортаға салды. Механика-математика факультетінің деканы PhD, профессор, Дәурен Жәкебаев суперкомпьютерді қолдану арқылы ғылыми зерттеу жұмыстарын дамыту туралы баяндама жасады. Суперкомпьютердің артықшылықтарын және бакалавр, магистратура студенттерін шет елдерге тағлымдамаға жіберу туралы ұсынысын айта келе, декан қазіргі кезде факультеттің атқарып жатқан ғылыми жұмыстарына тоқталды.
«Бүгінде математика және компьютерлік модельдеу кафедрасы мен статистика және ғылыми есептеу кафедрасы базасында – «Есептеу математикасы және математикалық модельдеу» мен «Ғылыми есептеу» деген екі зертхана бар. Суперкомпьютерді пайдаланудың нәтижесі – бағдарламалық өнім, тәсіл, модель, алгоритм, әдістемелер. Қазіргі кезде Механика-математика факультетінің Data-орталығында орнатылған есептеу кластері – физикалық есептеу (мұнай кендерін барлау, мұнайды сүзу, аэро-гидродинамика), биоинформатика, экология, экономиканы жоспарлау, жансыз интеллекті зерттеу, қашықтықтан зондтау мәліметтерін талдау міндеттерін орындауға пайдаланылады», деді профессор Дәурен Жәкебаев.
Филология факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, PhD Гүлназ Дәуітова, жас ғалымдар үшін міндетті болып табылатын ғылыми жарияланымдар туралы өзінің ұсынысын айтты.
«Университетімізде қазіргі әлемдік бәсекеге қабілетті жас ғалымдар даярлануда. Жас ғалымдардың идеяларын, жаңалықтарын насихаттауды толық жүзеге асыру үшін бар мүмкіндік жасалып жатыр. Факультетіміздің жас ғалымдары АҚШ, Түркия, Еуропа елдерінде 6 айдан 1 жылға дейінгі ғылыми тағылымдамалардан өтуде. Алған нәтижелерін ғылыми семинарларда бөлісіп, ғылыми журналдарға мақалалар жариялауда. Осы мақала жариялау мәселесі бойынша мынандай ұсынысым бар. Магистранттар мен докторанттардың диссертациялық жұмыстарын қорғау туралы ереженің талаптары бойынша Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарға мақала жариялау міндетті болып табылады. Ал, ҚазҰУ «Хабаршысының» соңғы ережесі бойынша магистранттардың мақалалары қабылданбайды. Басқа жоғары оқу орындарының «Хабаршыларына» жібергенде де қиындық туындап отыр. Осы мәселенің шешімі ретінде Ресей, Еуропа елдеріндегідей «Жас ғалымдар хабаршысы» немесе «ҚазҰУ жас ғалымдарының хабаршысы» сериясын қалыптастыру керек деп ойламыз. Мұндағы талаптар негізгі «Хабаршыларға» қарағанда білім алушылардың деңгейіне сай жеңілдетілген формада қойылатын болса, университетіміздің студенттері, магистранттарымен қатар, басқа оқу орындарының жас ғалымдары да мақалаларын белсенді түрде ұсынар еді. Әзірге еліміздегі ешбір жоғары орнында мұндай «хабаршылар» жоқ.
Екінші айта кететін мәселе, факультет деңгейінде филология саласындағы жас ғалымдардың Виртуалды алаңын әзірге Ресей, Түркия және ҚХР филология саласындағы жас ғалымдарымен жасауға келісіп жатырмыз. Виртуалды платформаның мақсаты – филология ғылымындағы жаңа бағыттар бойынша жас ғалымдардардың ой-пікірлерімен, тәжірибелерімен алмасу. Бірлесіп ұжымдық монография, жинақтар шығару, шығармашылық жобалар ұйымдастыру, конференция, семинарлар өткізіп ашық түрде платформаға жүктеу. Бұл жұмысқа кәсіби бағдар ретінде мектеп оқушылары мен студенттерді де тартамыз. Болашақта Виртуалды платформамыздың жұмысы жоғары деңгейде дамыса, университет деңгейінде кеңейтсек деген ұсынысымыз бар», дейді филолог ғалым Гүлназ Дәуітова.
Келесі баяндама жасаған Экономика және бизнес жоғары мектебіндегі экономика кафедрасының постдокторанты, PhD Әзиза Жұпарова ғылыми жобалардың нәтижелерін коммерциялау туралы және оны қалай жүзеге асыру жолдарын айтты. Ол үшін жас ғалым консалтингтік орталық ашуды ұсынады. Онда компаниялардың, ұйымдардың шеңберінде инновациялық жобаларды кәсіби сараптау, сондай-ақ қызметін, жұмысын форматтауға көшіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Ректормен кездесу барысыныда жас ғалымдардан көптеген ұсыныстар түсті, қызу пікірталас болды. Олардың барлығы электрондық пошта арқылы жолданатын болып келісілді және бұл ұсыныстардың барлығы міндетті түрде қаралып, жауап берілетін болады.
Жыл сайын университетте Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Үздік жас ғалымы» байқауы дәстүрлі түрде өткізіледі. Онлайн-кездесу соңында Байқаудың жеңімпаздарын, сондай-ақ «Фараби Әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың конференциясы мен инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Баспасөз қызметі