- Негізгі бет
- Жаңалықтар
АТАУЛЫ ДАТАҒА ОРАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫН ӨТТІ
19.04.2021АЛМАТЫ. 19 сәуір. Баспасөз орталығы – Биыл – Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылғанына 100 жыл. Атаулы датаға орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы түрік халықтарының мемлекеттіліктерін қалыптастыру жолындағы күрес тарихы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
ҚазҰУ мен Түркияның Хаджеттепе университеті жанындағы Ататүрк институтымен бірлесіп ұйымдастырылған онлайн режімдегі басқосуға қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
Жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Серік Мұхамбетжанов ашып, оқу орнының Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың конференция қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Өз кезегінде Түркияның ЮНЕСКО-дағы өкілі, профессор Оджал Огуз жиынның мәні мен маңызына тоқталды.
– Екі ғылыми іргелі мектептің ортақ жұмысы тың ойлар мен жаңа бастамаларға жол ашып, түрткі болары даусыз. Қазіргі кезде аса өзекті мәселелердің бірі – түркі халықтарының тілі мен ділі, олардың тілдік ерекшелігі мен бірігу мәселесі, – деді өз сөзінде Оджал Огуз.
Сондай-ақ ол бүгінгі таңда ЮНЕСКО ұйымы халықтардың мәдени-құндылықтарын зерттеу және насихаттау бағытында ілкімді жұмыс істеп отырғандығын алға тартты.
Түркиялық ғалым түркі халықтарының жаһандану заманындағы ең үлкен міндеті ынтымақтастық екендігін атап өтіп, болашақта атқарылатын жұмыстарға нақты міндеттер қоюды ұсынды.
Ал тарих ғылымдарының докторы, академик Талас Омарбеков алқалы басқосудың ғылыми бағытына назар аударып, тақырып төңірегінде өзіндік пайымымен бөлісті.
– Ресей империясының отары болған қазақ елінің өз мемлекеттігіне қол жеткізуі оңай болған жоқ. Отарлық езгіде көп уақыт болған халықтың жеке мемлекет құруға деген мүмкіндігі де төмендеп кеткен еді. Алайда Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары Ресейдегі билеуші Романов әулетін тақтан құлатқан 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Ресей демократиялық-федеративтік мемлекетке айналатын болса, оның құрамындағы көптеген ұлттар тәрізді қазақ халқы да бүкілресейлік құрылтай жиналысына қатысып, өзінің мемлекеттік автономиясына бейбіт жолмен қол жеткізе алады деп үміттенді. Сондықтан да желтоқсан айында жалпықазақ сьезінде Алашорда автономиясын жариялады, – деді Талас Омарбеков.
Ғалымның айтуынша, большевиктер Алаш қайраткерлеріне жаулық көзқараспен қарауды тоқтатқан жоқ. Себебі Алашорда кеңестер тәрізді таптық саяси ұстанымды емес, қазақ халқын болашақта толық тәуелсіздікке апаратын ұлттық мемлекет құру жолынан ешқашан да ауытқымады. Десек те, Алаш қайраткерлері өздерінің мақсаттарына жете алмады және «ұлтшылдар» ретінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағаны тарихтан белгілі.
Конференция барысында сондай-ақ Баку мемлекеттік университеті Түрік халықтарының тарихы кафедрасының профессоры Нисбет Мехдиева «Қазақтардың ұлт-азаттық күресі тарихынан» тақырыбында баяндама жасап, ХХ ғасырда жарық көрген газет-журнал бетіндегі тарихи деректерге шолу жасады.
Жиын аясында қазақ және түрік халықтарының мемлекеттілігі тарихы мәселелері, Алаш қозғалысы және «Алаш» автономиясы, ҚазАКСР-нің құрылуы және оның қызметі, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы тәуелсіздік жолындағы түрік халықтары күресі, аса көрнекті тарихи тұлғалардың рөлі мәселелері жаңаша көзқарастар тұрғысынан зерделенді.
– Конференцияны өткізудегі басты мақсат – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясының отарында болған қазақ және өзге де түрік халықтарының өз мемлекеттіліктерін қалпына келтіру жолындағы күресін қарастыру және халықаралық деңгейде бірлескен зерттеулер жүргізу, – дейді шара ұйымдастырушылары.
Пленарлық отырыстан соң конференция жұмысы «Қазақ және түрік халықтары мемлекеттілігінің тарихы мәселелері», «Алаш қозғалысы және «Алаш» автономиясы», «Қазақ АКСР-нің құрылуы мен қызметі» атты секцияларда жалғасты.
Имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаменті
e-mail: farabi_press@gmail.com