- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Алаш қайраткерінің ұлына құрмет көрсетілді
12.05.2021Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы – ғалым, Башқұртстан Республикасының ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Шейх-Әли-Тынышбаевпен кездесу өтті.
Мәртебелі мейманды білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев қарсы алып, 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Тарихи тұлғаның ұлт алдындағы жанкешті еңбегін айта келе, ректор қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылғанын атап өтті.
Дәулет Шейх-Әли-Тынышбаев әке рухына тағзым ету үшін туған жері – Жетісуға жиі ат басын бұратынын жеткізді.
Дәл бүгін, 12 мамыр күні бірегей тұлғаның туғанына – 142 жыл толды. ЖОО басшысы М.Тынышбаевтың 150 жылдығы елімізде, еш талассыз, жоғары деңгейде және кең көлемде аталарына сенім білдірді.
Әке нұсқауымен анасы жағынан туыс арғы атасының тегін алған Дәулет Мұхамеджанұлы өзінің өмір жолы жайлы айтып, Воронеж облысында айдауда болған ауыр жылдар жайлы естеліктерімен бөлісті. 1931 жылы өмір есігін ашқан қария әкесімен өткен жарқын сәттерді, оған орыс тілін үйретіп, инженер болатынына сенім артқанын сағынышпен еске алды.
«Менің анам әкемді аман-алып қалу үшін қолындағы барын азық-түлікке ауыстырып отырды. Бұл қиын заман еді. Біз Уфаға жиі барып, кейін анамның туыстарын паналадық. Мен бала кезімнен аэромодельдерді құрастырып, Башкұртстанда өткен жарыстарда жүлделі орындарға ие болдым. Бұл менің техникалық мамандықты таңдауыма түрткі болды. Осылайша техникалық институтты бітіріп, мұнай саласында жарты ғасырдай жұмыс істедім және техникалық ғылымдар бойынша докторлық диссертация қорғадым» деді ол.
Айта кетсек, Дәулет Шейх-Әли-Тынышбаев Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарында дәріс берген. Балалары мен немерелері қазір АҚШ-та жұмыс істейді. Соңғы екі жылда ғалымның өзі де АҚШ-та аялдаған. Ақсақал негізінен Уфада (Башқұртстан) тұрады.
Кездесу соңында 90 жасқа толған қарияның иығына шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі