- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Басты міндет – маман даярлау сапасын арттыру
13.05.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кезекті ректорат отырысы онлайн өтті.Жиында академиялық мәселелер бойынша басқарма мүшесі – проректор Фатима Жақыпова хабарлама жасап, жазғы емтихан сессиясының барысы туралы баяндады.
Жазғы емтихандар оқу орнының 16 факультеті мен Әл-Фараби бизнес мектебінде 10 мамырда басталды. Фатима Надырқызы емтихан қарсаңында онлайн қолжетімділікті қамтамасыз ету, IT-платформаларға жүктемені біркелкі бөлу, «Универ» жүйесіне емтихан тапсырмаларын жүктеу және сараптау жұмыстары өз деңгейінде атқарылғанын жеткізді.
«Білім алушылардың емтихан тапсыруға қатысты барлық рәсімдері оңтайландырылды және электрондық форматқа ауыстырылды. Факультет декандары және құрылымдық басқарма басшыларымен кеңесе келе, сессияны ұйымдастыру үдерісін автоматтандыру туралы ортақ шешім қабылданды» деді проректор. Емтихандарды өткізуді бақылау барысы да орталықтандырылып, нәтижені есептеу жүйесін автоматтандыру көзделіп отыр.
Келесі кезекте сөз алған әлеуметтік даму жөніндегі проректордың м.а. Әлия Мәсәлімова университетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының үздіксіз жүргізіліп келе жатқанын айтты.
«Бұл білім ордасының кешенді қызметінің бір қыры және қашықтан оқыту кезінде де жіті назарда» дей келе, проректор «Жемқорлықтан ада университет» жобасы бойынша атқарылған шаралар жайлы жан-жақты ақпарат берді.
Мұндағы мақсат – жемқорлыққа төзгісіз әлеуметтік ортаны қалыптастыру. Ол үшін университет жаңа талаптарға сай басқару жүйесін енгізіп, ашық ақпараттық саясат ұстанады. Оқу жүйесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологияларды енгізу де адами факторлардың алдын алмақ.
Оқу орнының Әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі уәкілі ретінде Әлия Рымғазықызы ұжымдағы және студенттер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ахуалды жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол әлеуметтік сауалнаманың оң нәтижелерімен бөлісе отырып, өз тұжырымын нықтады.
Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев жиында маман даярлау сапасын арттыру университет қызметінің негізгі мақсаты екенін баса айтты. Сол себептен сабақ беру сапасын арттыру және білім деңгейінің шынайы бағалануын қамтамасыз ету аса маңызды.
Сонымен қатар ректор куратор-эдвайзерлерге қойылатын талаптарға тоқталып, факультет басшыларына бұл жұмысты үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.
ҚазҰУ-да халықаралық деңгейдегі білікті мамандар жұмыс істеу керектігін айтқан басшы оқытушыларға қарата: «Кәсіби деңгейлеріңізді шыңдап, ғылыми жұмыстарға қосылыңыздар» деп сөз арнады.
Сондай-ақ ректор шетелдік ғалымдарды тарту, оқу ғимараттарын жөндеу, қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету барысымен де таныстырып өтті.
Айта кетсек, бүгінгі таңда тарих, журналистика, филология, заң факультеттері, Экономика және бизнес жоғары мектебі оқу ғимараттарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Университет басшылығының тапсырмасымен жуық арада өзге де оқу корпустарында жөндеу жұмыстары басталмақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі