Жаңалықтар

ҚазҰУ-да заманауи теннис орталығы ашылды

15.05.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің спорт кешенінде «Жан Досым» заманауи теннис орталығы ашылды.

Соңғы үлгідегі жабық орталықта алты корт және 165 көрерменге арналған трибуна бар. Алаңдар төсеніші Халықаралық теннис федерациясы бекіткен әлемдік талаптарға сай келеді.

Жоба Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен «Жан досым» теннис клубының бастамасы негізінде жүзеге асырылып отыр.

Салтанатты іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, «Жан Досым» клубының Президенті Есет Ешпанов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польских, жоба инвесторы Ерлан Қожасбай, кәсіпкер Арманжан Байтасов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

ҚазҰУ басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген спорт түрлерімен, соның ішінде тенниспен белсенді айналысқанын атап өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде спорт саласына, соның ішінде теннис ойынының дамуына ұдайы көңіл бөлгеніне тоқталды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үстел теннисімен кәсіби тұрғыда айналысып, оқушы кезінде спорт шеберіне үміткер болғанын мысалға алды. Қазақстанның үстел теннисі федерациясын 13 жыл басқарғанын айта келе, спорттық инфра­құрылымды дамыту Президент тапсырмаларының басым бағыттарының бірі екенін еске салды.

Сонымен қатар елімізде дамып келе жатқан спорт түрімен жыл он екі ай айналысуына мүмкіндік беретін жаңа теннис орталығын студенттер үшін зор мүмкіндік алаңы деп бағалап, мұнда жаттығатын жастардың әлемдік деңгейдегі спортшыларға айналарына сенім білдірді.


«Жан досым» теннис клубының президенті осыдан отыз жыл бұрын теннисті бастаған кездегі саябақтарда ойнаған естеліктерімен бөлісті. Кейін ҚазҰУ қалашығына жаттығуға ауысып, уақыт өте келе заманға сай теннис орталығын салу идеясы туындаған. Ол игі істі қолдаған университет басшылығы мен демеушілерге ризашылығын жеткізіп, елімізде бұқаралық спорттың өркендеуіне тілектестік білдірді.

Орталық аумағында ҚР Теннис федерациясының қолдауымен 300 орындық балалар теннис мектебі ашылмақ. Бұл жайлы жиында спорт жанашыры, кәсіпкер Ерлан Сәдуақасұлы хабарлап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін орталықтың қолжетімді болуы қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Жаңа нысанда кәсіби және әуесқой тенниспен айналысу үшін барлық жағдай жасалған: жаттығу залы, медициналық қызмет, киім ауыс­тыратын және жуынатын бөлмелер, дәмхана мен спорт дүкені, ондағы санитарлық талаптардың сақталу жайы да қарастырылған.


Аталған спорт кешенінің құрылысына жеке инвестордың демеуімен 485 млн теңге қаржы жұмсалды.

Әсем табиғат құшағындағы нысанның кәсіби споршылардың ғана емес, жастар мен қала тұрғындарының спортпен тұрақты шұғылданатын сүйікті мекеніне айналары даусыз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі