- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ ректоры Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты
17.05.2021Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Танып-біліп өзімізді өзгеден, біз көшеміз өзімізге бет алып: Олжас және мәдениеттерді жақындастыру» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысты.
Алқалы жиын көрнекті ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына арналды. Оған Қазақстан және алыс-жақын шет елдердің мемлекет пен қоғам қайраткерлері, ЖОО басшылары мен ғалымдары, БАҚ өкілдері қатысты.
Білім ордасының басшысы Олжас Омарұлын мерейлі жасымен құттықтай отырып, ақынның шығармашылығы мен әлемдік мәдениетке қосқан үлесі жайында ой толғады. Дара тұлғаның өз өлеңдері арқылы әлемдік руханият ауқымын қамтып, халықаралық мінберлерде адамзатқа ортақ мәселелерді көтергенін атап өтті.
Өз сөзінде ректор: «Әлем азаматы деңгейіне көтеріліп, рухты жырларыңызбен миллиондаған оқырманның жүрегіне жол таптыңыз» дей келе, Францияның экс президенті Жак Ширактың Елбасымен кездесуінде ақын өлеңін оқып, қазақ халқына айрықша құрмет көрсеткенін еске алды.
ЖОО басшысы жаңашылдығымен дараланатын ақын шығармаларының тереңіне үңілді. Әлемдік әдебиетте Олжас Сүлейменовтің рухани феноменіне қызығушылық жоғары екенін айта отырып, Сорбонна профессоры Леон Робельдің пікірімен бөлісті.
– Француз жазушысы «Қыш кітабы» поэмасының аудармасын ұсына келе: «Олжас Сүлейменовке мәдениеттер бауырластығы және халықтардың рухани өзара дамуы идеясы бұрыннан жақын.
Оның пікірінше, жазудың, тілдердің және аңыздардың құпиясын ашу бізге адамзат тарихына басқаша қарауға көмектеседі.
Біздің ыдыраған әлем мұндай қуатты үнді көптен бері естімеді – Олжас Сүлейменовті Гилгамеш, Гюго, Хлебников сынды ұлылардың мұрагері немесе ізбасары ретінде мойындаймыз» деген болатын, – дей келе, ректор қоғам қайраткерінің тәуелсіз мемлекетіміздің нығаюына қосқан үлесіне кеңінен тоқталды.
Ақын тойы 19 мамыр күні өзі білім алған төл университетінде жалғасады. Қара шаңырақта аудитория және мұражай ашылып, қаламгер шығармашылығына арналған халықаралық конференция өтеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі