Жаңалықтар

Жаңа ғылымның уақыты – диаспорология

24.05.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылымның жаңа бағыты өмірге жолдама алады. Азиялық зерттеулер институтында профессор Герман Кимнің басшылығымен ғылымның жаңа саласы диаспорологияны дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Азиялық зерттеулер институтының директоры, т.ғ.д., профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Герман Кимнің басты зерттеу нысаны – диаспора. Оның мақсаты – диаспорология ғылымын еліміздегі жоғары оқу орындарының бағдарламаларына оқу мамандығы ретінде енгізу. Халық құрамы көпэтносты болып табылатын Қазақстан этносаралық қатынастарда бейбітшілікті, келісім мен үндестікті сақтау, этностық диаспоралардың мәдениеті мен ана тілдерін дамытуға қолдау көрсету саясатын ұстанады, сондықтан диаспорологияны институцияландыруда бастамашы болуы тиіс.

«Менің басты ғылыми жұмысым – әлемдік корейтануға қосқан елеулі үлес болып табылған үш томдық «Кәрістердің көші-қон тарихы» монографиям. Мұны мен он жылдан астам уақыт жаздым, бірақ әлі де жалғасын талап етеді, ­– дейді ғалым. – Алға қойған мақсатыма жету үшін Азия, Америка, Еуропа және Африканың 40-тан астам еліне барып, ондаған мың жазбаша дереккөздерді зерттеуге тура келді. Нәтижесінде үш томдық басылым орыс және корей тілдерінде жарық көрді, қазір ағылшын тіліне аударылып жатыр. Монографияның жалғасы диаспоризация процестерін талдауға, яғни иммигранттардың диаспоранттарға айналуына арналған».

Үш томдық басылымды жазуға дайындық жұмыстары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын диаспораларды зерттеуге арналған екі-үш жылдық ғылыми жобаларды жүзеге асыру аясында жүргізілді. Герман Кимнің жетекшілігімен соңғы жылдары білім беру және ғылыми мамандық бойынша алғашқы орыстілді университеттік басылым – «Диаспорологияға кіріспе» оқулығы, Қазақстанның білім беру және ғылыми мамандықтарының басымдығын нығайтуға бағытталған «Диаспорология негіздері» оқулығы жарық көрді. Ғалым қазақстандық диаспорологияны ары қарай дамытуды жоспарлауда. Ол диаспораларды зерттеудің қазақстандық қауымдастығын ұйымдастыру, осы пән бойынша ғылыми зерттеулерді баспа және электронды түрде тарату, мамандандырылған журнал шығару, әлемдік деңгейде халықаралық конференциялар, семинарлар ұйымдастыру жұмыстарын қолға алмақшы.

 

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі