Жаңалықтар

Ғылыми ынтымақтастық беки түседі

27.05.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде XXVII халықаралық морфологиялық ғылымдар симпозиумы ISMS – 2021 өз жұмысын бастады.

ТМД аумағында алғаш рет өткізіліп отырған ISMS-2021 симпозиумы зерттеулердің нақты морфологиялық дәлелдеріне негізделген медицина ғылымының соңғы жетістіктерімен бөлісу алаңы болып табылады.

«Жасуша, тін, мүшелер – тәжірибе, жаңашылдық және прогресс» тақырыбын арқау еткен шараны білім ордасының медицина және денсаулық сақтау факультеті мен Жоғарғы медицина мектебі және Еуразиялық морфологтар ұйымы ұйымдастырды.

Алқалы жиынның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры м.а. Қанатбек Мұқанов сөз алып, университет басшысының лебізін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма басшысы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өз құттықтауында Covid-19 пандемиясы әкелген түбегейлі өзгерістерге тоқталды. Ол тек ғылым мен тәжірибенің бірлескен күші ғана жаһандық қиындықтарға төтеп бере алады және нақты шешімдер қабылдауға қабілетті деген пікірін ортаға тастады.

Сондай-ақ ЖОО басшысы: «Бүгінде ҚазҰУ – аса ірі ғылыми-білім беру хабы, озық идеялар мен технологиялар орталығы. Оның басты мақсаты – әлемдік білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті зерттеу университетін құру» дей келе, білім ордасының әлемдік ғылымның дамуына, оның ішінде медицинаның іргетасы саналатын морфологиялық ғылымның ілгерілеуіне салмақты үлес қосып келе жатқандығын атап өтті.

Медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы Жанна Қалматаева да ортақ мақсат – халық денсаулығын сақтау және қорғауда ғылым, білім мен тәжірибе үштігінің маңыздылығына мән берді. Оның тамаша үлгісі ретінде профессор қара шаңырақта бастау алған 4 күндік симпозиумды мысалға алды.

Қатысушылардың айтуынша, басқосу қазіргі жағдай кезінде ғалымдар арасындағы ынтымақтастықтың, тың әдістерді іздеу және идеяларды қалыптастырудың жаңа жолы болып отыр. Оған отандық және алыс-жақын шетелдерден 2000-нан астам ғалым онлайн атсалысуда. Олар «Annals of Anatomy» басылымында медициналық, морфологиялық ғылымның жаңалықтары мен жетістіктерін жариялауға, морфологияның әртүрлі бағыттары бойынша әлемдік жетекші сарапшылардың дәрістерін тыңдау мүмкіндіктеріне ие болмақ. 


Ауқымды шара аясында түрлі ғылыми бағыттар бойынша 10 секция жұмыс істейді. Сонымен қатар алғаш рет медициналық университеттерде оқу мақсатында мәйіт материалының донорлығы мәселесі бойынша «Body donation: a global persperctive in a round table discussion» дөңгелек үстелі ұйымдастырылады. Әр түрлі елдер мен континенттердің морфологтары өз тәжірибелерін, мәселелері мен шешімдерін ұсынады.

Конгресс бағдарламасында Халықаралық анатомиялық қауымдастықтар федерациясының ерекше «Workshop on scientific writing» http://isms2020.kz/index.php/workshop-form шеберлік сағатын, жас ғалымдар секциясы мен баяндамалар байқауын өткізу де жоспарланған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі