Жаңалықтар

ҚазҰУ спортшылары - көш басында

28.05.2021

Бұл күндері елімізде ҚР жоғары оқу орындары арасында  өтіп жатқан XI жазғы универсиада ойындары бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ спортшылары көш басында. Оқу орнының жастары 2009 жылдан бастап командалық есепте еш қарсыласқа дес бермей, айқын басымдықпен топ жарып келеді.


2 мамырда басталған жастар спорттық ойындары бүгінде бел ортасынан асты. Тартысты додада 2-9 мамыр аралығында, алдымен, бадминтоншылар сынға түсті. ҚазҰУ спорт кешенінде өткен бәсекеде университет командасы жеңіске жетіп, жарыс жолын сәтті бастап берді.

Жеңісті баскетболдан – ерлер, жағажай волейболынан – ерлер және әйелдер, жүзуден – ерлер және әйелдер, волейболдан – ерлер және әйелдер, садақ атудан – ерлер және әйелдер командалары жалғастырып, бірінші орындарды иеленді.

Сондай-ақ шахмат және баскетболдан әйелдер командасы екінші орынды місе тұтса, дзюдодан – ерлер және әйелдер, президенттік көпсайыстан – ерлер және әйелдер командалары үшінші орынға табан тіреді.

Айта кетсек, жазғы универсиада ойындары ҚР БҒМ қолға алуымен 2001 жылдан бастап қайта жанданды. Алғашқы 3 жылғы универсиадада небәрі 12 спорт түрі қамтылса, қазір олардың саны 37-ге жеткен. ҚазҰУ командасы универсиада ойындарына белсенді қатысып, V жазғы универсиададан бастап теңдессіз жеңімпаз болып табылады.

Қазір ҚазҰУ спорт алаңдарында ерлер және әйелдер арасында семсерлесу, мини футбол мен спорттық бағдарлау жарыстары қызып тұр. Ал тоғызқұмалақ бойынша ойындар Түркістан қаласында өтуде. Онда білім ордасының ерлер және әйелдер командалары жүлделі орындарға таласуда. 10 маусымға дейін созылатын жарыста спортшылар әлі 16 спорт түрінен бәсекеге түспек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі