Жаңалықтар

Тәуелсіз, қуатты Қазақстан – Елбасының еңбегі

31.05.2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

«Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі қалыптасуының саяси-құқықтық және экономикалық мәселелері: тарихы және қазіргі кезеңі» тақырыбында өткен ауқымды шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР Конституциялық Кеңесі, «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры мен «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Оған мемлекеттік билік органдары мен академиялық орта өкілдері, заңгерлер қауымы қатысты.

Алқалы жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, ел тәуелсіздігі мерейтойының маңыздылығына мән берді.

Іргелі білім ордасының ректоры: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен заманауи, бәсекеге қабілетті, индустриялық қуатты мемлекет құрылды» дей келе, қилы кезеңдегі Қазақстан халқының қаржылық дағдарыстарға төтеп беріп, тұрақты даму жолына түскенін айтты. Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізінің қалыптасуындағы тарихи оқиғаларға шолу жасай отырып, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев сынды танымал тұлғалардың ерен еңбегін атап өтті. Сонымен қатар көрнекті қайраткер Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев айқындап бергендей, алдағы міндет «келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» екенін еске салды.  


ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми өз сөзінде

егемен Қазақстанның негізі 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған Тәуелсіздік декларациясынан басталатынын тілге тиек етіп, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуы жолындағы өлшеусіз үлесіне ерекше тоқталды. Елбасы бастамасымен басты мемлекеттік құжат – ҚР Конституциясы қабылданғанын жеткізді.

«Қазақстан Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің мызғымас негізіне айналды. Оның талаптарына сәйкес тиімді демократиялық институттар – президенттік басқару нысаны, қос палаталы Парламент, есеп беретін Үкімет, тәуелсіз сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасты» делінген хатта.

Сондай-ақ басқосуда ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова, «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры атқарушы директорының орынбасары, ҚР Конституциялық Кеңесі жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі Игорь Рогов, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану, дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири, «Bank RBK» АҚ директоры Мұсабек Әлімбековтер сөз алып, тәуелсіздіктің мәні мен маңызы, құқық саласының дамуына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Қатысушылар Тәуелсіз Қазақстанның демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық және біртұтас мемлекет екенін, ол үшін басты құндылық адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатынын басты бағдарға алды.

Конференция барысында азат республиканың саяси жүйесінің өзекті мәселелері, оның мемлекеттік тәуелсіздігі қалыптасуының конституциялық негіздері және демократиялық қағидаттарын дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі мен орны жан-жақты қарастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі