- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ажар Жұбанова – 80 жаста
05.06.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым-микробиолог, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Ажар Жұбанованың 80 жылдық мерейтойына орай «Биотехнологиялардың заманауи проблемалары: зертханалық зерттеулерден өндіріске» тақырыбында ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысына биотехнология, генетика және экология салаларының отандық және шетелдік жетекші мамандары қатысты.
Ғылыми жиын барысында қазіргі заманғы биотехнология, генетика, молекулалық биология және экология салаларындағы өзекті мәселелер бойынша 60-тан астам баяндама тыңдалды. Спикерлердің баяндамалары негізінен қолданбалы мақсатта пайдалану үшін пробиотиктер, биоотын, био - және наноматериалдарды әзірлеудегі соңғы жетістіктер жайында болды.
Мәселен, Жану проблемалары институтының және «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК мамандары суды тазартатын наноматериалдар және остехондралдық, сүйек ауруларын регенерациялауды жақсартуға арналған екпе биоматериалдарды әзірлеу туралы баяндамалар жасады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары микроорганизмдер жасушаларының топырақтың жоғарғы қабатына тигізетін әсері, оларды нақты тәжірибеде пайдаланудың тиімділігі туралы және Қазақстанда қоршаған ортаның улы элементтермен ласталуына баға беру нәтижелері туралы айтты. Кең ауқымда пайдаланылып жүрген молекулярлық-генетикалық зерттеулерге арналған презентациялар ұсынылды.
Конференция барысында микробиология, биотехнология және экологияға байланысты маңызды практикалық міндеттерді шешуге бағытталған академик Ажар Жұбанованың еңбектері туралы да айтылды. Ол әзірленген иммобилизденген микроорганизмдер жасушаларының көмегімен этанол, сүт қышқылы, ферменттелген сусындар алудың тәсілдері елімізде кеңінен қолданысқа түскен. Оларға Қазақстан Республикасының 6 патенті берілген.
А.Жұбанова әзірлеген ғылыми-зерттеулердің ішінде топырақ пен су қоймаларына экологиялық мониторинг жасау және биоремедиациялау технологиялары маңызды орын алады. Іс жүзінде "Химпром-сервис-Ақтөбе" ЖШС қатты қалдықтар полигонында қоқыстарды залалсыздандыру және жою әдістемесі іске асырылды, тазарту жұмыстары жүргізілді, мұнай тотықтырушы бактериялардың көмегімен темір жол бойындағы қиыршық тас қабаты мұнай өнімдерінің қалдықтарынан тазартылды (авторлық куәлік бар).
Қазақстан біліміне, ғылымына қосқан зор үлесі үшін профессор 2006 жылы ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасының Құрметті білім қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2007 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» Мемлекеттік грантына ие болды. 2009 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Үлкен күміс медалі, кейін Үлкен алтын медалі табысталды. 2016 жылы «Құрмет» орденімен, 2018 «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі