Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаев Түркия Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Али Риза Акынжымен жүздесті.
Кездесуде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған Түркия – бүгінде еліміздің маңызды әрі сенімді әріптесі екендігін тілге тиек етті. «Еңсемізді енді тіктей бастаған тұста тарихи тамыры бір туыстас қос мемлекет ынтымақ пен берекенің керемет үлгісін көрсетіп келеді», – дей келе, ректор ҚазҰУ Түркияның көптеген университеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, екі ел арасындағы мәдени және рухани байланыстардың кеңінен дамуы әлі де арта түсетіндігін атап айтты. Сондай-ақ, университет басшысы ҚазҰУ-дағы ғылыми институттар мен орталықтар, ондағы ғалымдарының ғылыми жаңалықтары мен жобаларын таныстырып, қос мемлекеттің өндірісіне қажетті жобаларды бірлесе жасауға және танымал түрік ғалымдарын ҚазҰУ-да дәріс оқуға шақырды.
Өз кезегінде Түркияның Қазақстандағы Бас консулы Али Риза Акынжы Орталық Азиядағы жетекші жоғарғы оқу орны саналатын ҚазҰУ-мен әріптестік байланыс орнатуға қолдау көрсететіндігін айта келе, Әл-Фараби, Абай, Қожа Ахмет Яссауи еңбектерін түрік тіліне аудару бойынша бірлесе шаралар ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар, кездесу аясында тараптар көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық қарым-қатынас орнату турасын талқылады. Атап айтар болсақ, қосдиплом, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында тәлімгерлердің білімін шыңдау, бірлескен ғылыми жобалар жасау, туризм саласында мамандар даярлау және тәжірибе алмасу бағыттары бойынша білім, ғылым саласын заманауи талаптарға сай дамыту мәселесіне ерекше мән берді.
Университет басшысы аталмыш кездесу қос мемлекеттің жоғары оқу орындары арасында халықаралық ғылым мен білімнің алтын көпіріне айналатын ынтымақтастықтың бастауы болатынына сенім білдірді.