Жаңалықтар

Ғұбайдулла Айдаров мұрасы қайта жаңғырды

21.06.2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі түрколог ғалым  Ғұбайдолла Айдаровтың туғанына 100  жыл толуына орай, «Түркітану және Ғұбайдолла Айдаров» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті.

Білім ордасы мен Халықаралық түркі академиясы бірлесе өткізген ауқымды шара аясында ғалымның осыдан 50 жыл бұрын басылып, қазіргі таңда табыла бермейтін сирек кітапқа айналған «Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VІІІ века» атты кітабының тұсауы кесілді. Жаңа басылым Орхон өзені аңғарынан табылған көне түркі жазба ескерткіштері тілін фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан жан-жақты талдап, қазіргі түркі халықтары тілдерімен сабақтастығын ашып көрсетеді.

Алқалы жиында сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев негізінен түркі жазба ескерткіштерін зерттеген ғалым еңбектерінің мәні мен маңыздылығына тоқталды.

 

«Сан қатпарлы тарихтың тылсым сырын ашқан сындарлы ғалымның ғылыми мұрасы, жазған еңбектері бүгінде баға жетпес құндылық екенін мойындауымыз керек. Ол – түркітанушы, тіл ғылымының түркология саласында өзіндік зерттеу мектебін ашып, исі қазақтың жаратылысындағы өркениеттің, жазба тарихының тым әріден бастау алатынын дәлелдеп берген ғалым-зерттеуші», – дей келе, ректор Ғұбайдолла Айдаровтың осыдан он ғасыр бұрын тасқа таңбаланған Орхон-Енисей, Күлтегін, Тоныкөк жазуларының құпиясын алғашқылардың бірі болып ашқанын, келешекке аманат етуге өлшеусіз еңбек сіңіргенін ерекше атады.

Тіл ғылымының тың әрі күрделі саласын түбегейлі зерттеген қазақ ғалымы жайлы басқосуда Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, көрнекті түрколог Осман Фикри Серткая, Әзірбайжан Республикасы Парламентінің депутаты Низами Джафаров, Қырғызстанның Манас атындағы университетінің профессоры Қадырәлі Қоңқобаев, Ресей ҒА Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл, әдебиет зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Фирдаус Хисамитдинова, ҚазҰУ-дың Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Ғ.Айдаровтың жары, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Балжан Сәмиғоллақызы, сонымен қатар танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері іргелі ой айтып, пікір білдірді.

Жиында белгілі түркітанушының ғылыми мұрасы, қайраткерлік қыры, түркітану ғылымындағы орны кеңінен сөз болды. Сөз сөйлеушілер ғалымның талмай ізденіп,  Қазақстанның барлық аймақтарын, оның ішінде өзінің кіндік қаны тамған Маңғыстаудың тау-тасында, Моңғолия, Ресей Алтайының көне қорымдарында жатқан байырғы мұралардан қазақ халқының қазіргі тілінің қалыптасу сатыларына сәуле түсіргенін айтты. Ол қазақтың ұлы ғалымдары Ә.Марғұлан, А.Медоев, Қ.Сәтбаев жетекшілік жасаған ғылыми экспедициялар құрамында зерттеу жүргізді. Нәтижесінде «Ескі түркі жазуы Орхон-Енисей ескерткіштерінде», «Білге қаған тілі», «Тоныкөк», «Құлшора», «Құтлұғ-қаған», «Мойын Чор», «Орхон-Енисей жазуларының әдебиеттер көрсеткіші», «Орхон ескерткіштері» атты зерделі еңбектер жазып, түркология ғылымына соны ой, жаңа тұжы­рымдар қосты.

 


Ғалымның еңбектері бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарынан бөлек,  Берлин, София университеттері мен Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан жоғары оқу орындарында арнайы сабақ ретінде өткізіліп келеді.

Ғұбайдолла Айдаров түркітілдес халықтардың түбі бір туыстығын, қазіргі қазақ тілінің негізі біздің дәуірімізден көп бұрын қалыптасқанын, тіпті жазба әдебиетінің де нұсқалары сол есте жоқ ескі дәуірлердің өзінде-ақ болғанын нақты дәйектермен дәлелдеп берген дарабоз ғалым екені атап көрсетілді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі