Жаңалықтар

Толеранттылық тәуелсіздіктің кепілі

17.06.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Отыз жылдыққа - отыз апталық» шарасының аясында «Ғылымда даңғыл жол болсын» бағытындағы цикл бойынша бұқаралық дәрістер жалғасуда. Бұл жолғы дәрісті Өзбекстан Халықаралық ислам академиясы (IIAU) ислам өркениетін зерттеу бойынша ISESCO кафедрасының ғалымдары оқыды. Олар - Өбекстанның исламтану және шығыстану салалары бойынша көшбасшы ғалымдары, білікті эксперттері.

Семинарды ISESCO кафедрасының доценті, философия ғылымдарының докторы, араб тілінің маманы, шығыстанушы Хабибулло Сагдиев «Әбу Жағфар Тахауидің «әл-Ақидату-т-Тахауия» еңбегіне сипаттама және кодикологиялық талдау» атты баяндамамен бастады. Бұл дәрісте ТМД елдерінің медреселерінде және діни білім беретін жоғары оқу орандарында жиі оқытылатын әйгілі ханафи мазхабы ғалымы Әбу Жағфар Тахауидің «әл-Ақидату-т-Тахауия» трактаты түсіндірілді. Баяндамада әлем кітапханаларының қорларында сақталған «әл-Ақидату-т-Тахауия» трактатының белгілі қолжазбаларына кодикологиялық талдау жасалып, белгілі ғалымдардың аталмыш еңбек туралы жазған пікірлері баяндалды. Олардың арасында Тараз өңірінен шыққан ғалымдар да бар.

Екінші дәрісті кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, исламтанушы Миродил Хайдаров «Исламдағы ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық мәселелерді шешу жолдары» тақырыбымен жалғастырды. Бұл жерде отбасына қамқорлық жасауға бағытталған шаралардың маңыздылығы талданып, ажырасу, қайта некеге тұру, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, отбасылық жанжалдар санының өсуі сияқты әлеуметтік өзекті мәселелердің салдары мен оларды рухани құндылықтарға сүйеніп шешудің жолдарына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдағы отбасылық қатынастардың нығаюы мен өркендеуі туралы да айтылды.

Вебинарда қозғалған соңғы тақырып «Әбу Мансұр әл-Матуриди көзқарасында діни толеранттылық мәселесі» болды. ISESCO кафедрасының доценті, тарих ғыдымдарының докторы, араб филологы, шығыстанушы Саидмухтор Оқилов көтерген бұл мәселе, тек елімізде ғана емес, Орталық Азия елдерінде де өзекті болып келе жатқан толеранттылық тақырыбына бағытталды. Сан ғасырдан бері ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі діни мектеп болған матуридиліктің құрушысы Әбу Мансұр әл-Матуридидің қолжазбаларына сүйене отырып, осы мәселеге іргелі шешімдерді ғұламаның еңбектеріне жүгіну арқылы қарастырды.  

Бағдарлама жоғарыда көрсетілген негізгі бағыттар бойынша үш отырыста өтті. Вебинардың соңында екі елдің ғалымдары дін мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясатты нығайту жолында ынтымақтастық құрып, тәжірибе алмасып тұруға ықылас білдірді.

Халықаралық деңгейде өткен бұқаралық дәріске Қазақстан мен Өзбекстанның белгілі дінтанушылары, исламтанушылары және магистрант, докторант жас ғалымдар қатысты.


Бұқаралық дәрістің ұйымдастырушысы - Әл-Фараби орталығы. Дәріс онлайн форматта ZOOM платформасында өтті.