- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Американдық кеңеспен ынтымақтастық кеңейеді
23.06.2021Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Халықаралық білім беру жөніндегі американдық кеңестердің құрметті президенті Дэн Дэвидсонмен кездесті.
Тараптар ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын сөз етіп, ортақ жобалар бойынша қол жеткен жетістіктер мен алдағы жоспарларды талқылады.
Білім ордасының Американдық кеңеспен әріптестігі 2014 жылдан бастау алады. Өзара қол қойылған келісім шеңберінде «Флагман» және «Орыс тілі мен халықаралық дипломатия» бағдарламалары бойынша 340 американдық студент ҚазҰУ-да білім алды. Орыс тілін тереңдетіп оқудан бөлек, білімгерлер қазақ тілін үйренді, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі, Қазақстанның көрікті жерлері, тарихи ескерткіштері және табиғатымен танысты. Соңғы үш жылда ҚазҰУ-дың 159 оқытушысы мен студенті АҚШ университеттерінде оқып, тағылымдамадан өтті.
Бүгінгі таңда 20-дан астам студент пен оқушы қара шаңырақтың халықаралық қатынастар факультеті ұйымдастырған онлайн жазғы мектеп аясында білім алуда.
Оқу орнының басшысы елімізде әлемнің жетекші жоғары оқу орындары, зерттеу орталықтары және ғылыми-білім беру қорларымен ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұл ҚазҰУ-ды әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыруға, оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік беретінін айта келе, ректор қос дипломды білім беру бойынша ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.
Өз кезегінде Дэн Дэвидсон АҚШ университеттерінің қызметі туралы әңгімелеп, онда ҚазҰУ сынды инновациялық жобаларға басымдық берілетінін және ЖОО-лар ғылыми әзірлемелер мен ізденістердің басты ошағы болып табылатынын мәлімдеді. Қадірменді қонақ Қазақстанның үздік университетімен серіктестікті дамытуға дайын екенін жеткізіп, жемісті ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау білдірді.
Келіссөз соңында тараптар ынтымақтастық бойынша жаңа жоба дайындауға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі