Жаңалықтар

ҚазҰУ студенті жеңімпаздар қатарында!

26.06.2021

Алматыда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен БАҚ қызметкерлері күнін мерекелеу қарсаңында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай журналистер арасында байқау өтті.

Байқаудың негізгі тақырыбы пандемия жағдайындағы жұмыс, әлеуметтік жобалар мен Алматы қаласын дамытуға арналды. Байқауға 200-ден астам жұмыс қабылданып, олардың тек 18 ғана жүлдеге лайық деп танылды.

Жеңімпаздар арасында ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 4 курс студенті Ләззат Құсайынова «Пандемиямен күрестің нақты тарихы туралы үздік деректі авторлық материал» номинациясын жеңіп алды. Жеңімпаз студентімізге арнайы грамота табысталып, сый-сияпат ретінде электрлі самокат берілді.

Ол қатарынан екінші жыл жетекші республикалық басылымның тілшісі болып қызмет атқарады. Осы айдың басында ол өзінің төл университетінде ағылшын тілінде «Журналистикадағы психологиялық тәсілдер: сұхбаттасудың заманауи әдістері» тақырыбында дипломдық жұмысын үздік қорғап шықты.

«Мен өз жұмысыма осындай жоғары баға алғаныма өте қуаныштымын. Мені бірінші курстан баулып, бағыт-бағдар берген барша ұстаздарыма алғыс айтамын. Қаламы ұшқыр, тәжірибелі журналистер арасында осындай беделді марапатқа ие болу – үлкен жетістік деп ойлаймын»,- дейді жеңімпаз Лаззат.

Байқауға қатысушылардың жұмыстарын профессор, академик, Журналистика Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, ҚР Журналистика академиясының, Еуразия халықаралық академиясының академигі, ЮНЕСКО аясындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының жетекші ғылыми қызметкері Валерий Жандәулетов, Қазақстан Баспасөз клубының президенті, ҚР Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастық кеңесінің төрағасы Әсел Қарауловалар сынды медиа саласындағы тәуелсіз сарапшылар бағалады.

Марапаттау рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысып, БАҚ жұмысының маңыздылығын атап өтіп, барлық қатысушыларды құттықтады.

Барша жеңімпаз журналистерге шығармашылық табыстар тілейміз!

 

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі