- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қабылдау комиссиясының жұмысы қыза түсті
12.07.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қабылдау комиссиясының жұмысы қарқынды жүргізілуде. Биыл білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен комиссия құжат қабылдаудың жаңа деңгейіне көшті.
2021 жылдың 1-маусымында жұмысын бастаған Қабылдау комиссиясы заманауи құрылғылармен жабдықталған ғимаратқа көшіп, талапкерлер үшін электронды кезек жүйесін іске қосты. Ең қажет әрі маңызды ақпараттар жастар назарына әлеуметтік желілер арқылы сәт сайын ұсынылуда.
Журналистика, философия, саясаттану, медицина және денсаулық сақтау факультеттерінде 20 маусым - 7 шілде аралығында шығармашылық емтихандарға құжат қабылданып, 8-13 шілде аралығында бакалавр бойынша барлығы 619 талапкерлер сынға түсті. Оның ішінде философия және саясаттану факультетіне – 101, медицина және денсаулық сақтау факультетіне – 141, ал журналистика факультетіне 377 жас өтініш білдірген.
Магистратураға талаптылар үшін құжат қабылдау 16 шілдеге дейін жалғасып, 16-25 шілде аралығында шығармашылық емтихандар өтеді. Докторантураға түсуге арналған емтихандар 4-20 тамыз аралығын қамтитын болады. Жүзден жүйрік шығып, оқуға түсушілер тізімі мемлекеттік тапсырыс бойынша 25 тамызға дейін жарияланатын болады.
Сондай-ақ еліміз бойынша ҰБТ тапсырған және шекті балл жинаған талапкерлерден мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына өтініштер 16 шілдеден бастап онлайн және офлайн форматта қабылдана бастайды.
Мамандар мәліметінше, қазіргі таңда Microsoft Team, WhatsApp және өзге де әлеуметтік желілер бойынша онлайн режімде 3514 талапкерге, оффлайн 5305 талапкерге жан-жақты кеңес берілген.
Талапкерлер мамандықтар бойынша толық ақпаратты welcome.kaznu.kz сайтынан таба алады. Сонымен қатар Instagram (@kaznu_talapker), Telegram (Kaznu_Talapker), Facebook (Kaznu Talapker), TikTok (Kaznu talapker) желілеріндегі арнайы парақшалар талапкерлер үшін қызмет етуде.
Қарашаңырақ білім ордасы ең білімді әрі өзіне сенімді жастарды оқуға шақырады! Қымбатты талапкер, әлемнің 200 үздік университеті қатарына енген еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – ҚазҰУ-ды таңда да, жарқын болашағыңа қадам бас!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі