Университеттегі білім беру ісі мен барлық қоғамдық мәдени-рухани іс-шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытқан, оқу орнының қарқынды дамуына өзіндік үлес қосқан барша аға куратор-эдвайзерлер мен факультет декандарының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаевтың Алғыс хатын иеленді.
– Жас өрендеріміздің сапалы білім мен ұлағатты тәрбиені бойына сіңіріп, тұлға болып қалыптасуы жолында еңбек ету біздің негізгі борышымыз. «Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей»,- деп Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, қара шаңырақ қабырғасында болашақтың кірпіші болып қалануға талпынған жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеу біздің ұстаздық парызымыз. Алдағы уақытта да талапты да тәрбиелі жастардың қанатын қатайту мақсатында өз үлесімді қосу үшін аянбай тер төгемін, - дейді ақпараттық технологиялар факультетінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Ғазизқызы.
«Еліміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты биыл ұйымдастырылған шаралардың ойлайн форматта өтуі барша ұжымға салмақ салғаны белгілі. Соған қарамастан оқу орны «Үздік эдвайзер», «Ең үздік студенттік топ», «1-курс таланттары», «Студенттік көктем», «Мен жастарға сенемін» форумы сынды басқа да мәдени іс-шаралардың барлығын дерлік толық жоспарға сай орындап, бүгін алғыс хат иеленуіміз сол еңбегіміздің еленгені деп білемін»,- дейді куратор-эдвайзер Гүлмира Өтемісова.
Өскелең ұрпақтың рухани, шығармашылық қабілеттерінің дамуына, бәсекеге қабілетті кәсіби маман болуына тікелей себепші болатын куратор-эдвайзерлер мен ұстаздар қауымының еңбегі әрқашан еселене берсін!