Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде COVID-19 вирусына қарсы вакциналау шараларына байланысты өзекті сұрақтар талқыланған кезекті шара өтті. Жиынға оқу орнының қызметкерлері, студенттер және ата-аналар онлайн қатысты.
Білім ордасының медицина және денсаулық сақтау факультетінің мамандары еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға тоқтала отырып, вакцина алуға қатысты халыққа кеңес беру және ақпараттандыру жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті.
Жиында Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының доценті м.а. Анар Даниярова баяндама жасап, вакцина алудың маңыздылығы мен қауіпсіздігі жайлы айтты. «Вакциналау – бұл аурудың алдын алудың және адам өмірін құтқарудың қауіпсіз және тиімді әдісі. Қазіргі уақытта дифтерия, сіреспе, көкжөтел, тұмау және қызылша сияқты кем дегенде 20 аурудан қорғайтын вакциналар бар», – дей келе, бұл вакциналардың жыл сайын миллиондаған адам өмірін сақтайтынын тілге тиек етті.
Эпидемиолог маман COVID-19 вирусына қарсы елімізде салынып жатқан вакциналар жайлы соңғы мәліметтермен бөлісіп, екпе алудың қауіпсіз екенін, вакцина енгізілгеннен кейін қолдың ауыруы немесе дене температурасының шамалы көтерілуі сияқты уақытша жанама әсерлер тудыратынын айтты. Себебі кез келген лицензияланған вакцина оны пайдалануға рұқсат берер алдында клиникалық зерттеулердің бірнеше сатысынан өтіп, мұқият тексеріледі.
Анар Бақтыгерейқызы жастар мен олардың денсаулығына алаңдаған ата-аналардың сұрақтарына жауап беріп, екпені қайда және қалай алуға болатынын кеңінен түсіндірді.
Жиын барысында университет бойынша ағымдағы жағдайға сараптама жасалып, ковидтің денсаулыққа тигізер ауыр зардаптары, сақтану шаралары кеңінен сөз болды.