Жаңалықтар

Абай күні ерекше атап өтілуде

10.08.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абай күні онлайн форматта атап өтілуде.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:  «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұра­сы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай адамзатты әділетке шақырып, өз қандастарын өзгелермен қатар тұра алатындай өнер-білімге, еңбексүйгіштік пен ыждағатқа үндеді», – деген бо­латын.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» мақаласында: «Абай – біздің ұлтымыз бен жұрты­мыз­ды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеу­сіз, халық­тың рухани азығына айнал­ған мұра қалдырды», – дей келе, ХХІ ғасырға қадам бас­сақ та, Абай көзқарасының заман­ауи із­гі­лік қағидаттарына және Қа­зақ­стан қо­ғамының басты құндылық­тарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай ке­летінін атап көрсетті.  

Осы ретте қарашаңырақта ұлы ойшылдың мұрасын ұлықтауға арналған тағылымды шаралар ұйымдастырылып, арнайы бағдарлама әзірленді. Қазақтың бас ақынының туған күні қарсаңында «Ұлы ақын Абай Құнанбаевқа арнау» бейнеролигі дайындалып, 6 тамыздан бастап «Көзімнің қарасы» әніне ұлттық аспаптарда музыкалық челендж басталды. «Қазақ университеті» баспа үйі ақын шығармашылығынан байқау ұйымдастырып, жастар «Көзімнің қарасы» әніне бейнебаян түсірді. Абай ғылыми-зерттеу институты ақынның шығармашылық мұрасының өмірлік маңызы мен мәні туралы онлайн-конференцияны қолға алды. «Адамзаттың Абайы» атты мерекелік іс-шара (онлайн ZOOM) және фотокөрме мерекелік іс-шаралар қатарын толықтыра түспек.

Сондай-ақ бүгін тұғырлы тұлға туындыларынан терең тәлім алу әрі насихаттау мақсатымен барлық факультеттерде кураторлық сағаттар, дөңгелек үстелдер өткізілуде.

Айта кетсек, Президент тапсырмасымен 10 тамыз – Абай күні болып мемлекеттік мерекелер тізбегіне енгізіліп, өткен жылы алғаш рет атап өтілді.

Халқымыздың ұлы перзенті – Абай күні құтты болсын!