Жаңалықтар

Ректор мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеді

27.08.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кезекті Ғылыми кеңесінің отырысы мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне және жаңа оқу жылына дайындық мәселесіне арналды.

Отырысты ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашты. Алдағы мемлекеттік мереке – Конституция күнінің маңыздылығына мән  бере отырып, университет басшысы: «Әр мемлекет үшін Конституциядағы негізгі қағида – тіл мен жердің сақталуы және Ата Заңның бұлжытпай орындалуы. Елбасымыз да, Президент те әрқашан ана тілімізде баяндама жасайды. Мемлекеттік тілімізде сөйлемесек, онда біздің ана тілімізді, Ата заңымызды қолдамағанымыз, қорғамағанымыз. Әрбір патриот осыны терең ойлануы қажет. Тілдің арқасында біз жеке мемлекетпіз. ҚазҰУ-дағы барша басшылар мен қызметкерлер мұны есте сақтап, өзгелерге үлгі болуы тиіс» деп барлық қызметкерлерді мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттеді.

ЖОО басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев биыл оқытушылар мен қызметкерлері жалақысының 20%-ға көтерілгенін тілге тиек ете отырып, жаңа оқу жылынан бастап түрлі бонустар есебінен оқытушы – 200 000 теңге, аға оқытушы – 280 000 теңге, доцент – 330 000 теңге, профессор 500 000 теңге жалақы алатынын хабарлады. Сонымен қатар Президент тапсырмаларына сәйкес, білім сапасын жақсарту, ғылымды дамыту және университет жұмысының басқа да бағыттары бойынша ауқымды жұмыстар орындалып жатқанын атап өтті.

Атаулы датаға орай заң факультетінің деканы Дәулет Байделдинов баяндама жасап, Қазақстан Республикасы Конституциясының елдің үдемелі экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуындағы тарихи рөлін атап өтті. Басты идеялық қолдаушы – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев екеніне айрықша тоқталып, ел бірлігін нығайтуға, Қазақстан халқының дәстүрлерін, мәдениетін, тілдерін сақтауға және дамытуға арналған баптар мен тармақтарға кеңінен тоқталды.

Жиынды жаңа оқу жылында оқу үдерісін ұйымдастыру туралы ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі, проректор Фатима Жақыпова мен әлеуметтік даму жөніндегі проректор м.а. Әлия Масалимова жалғастырды. 

Фатима Надырқызы жаңа оқу жылындағы ұжым алдында тұрған міндеттерді негіздеп берді: ел дамуының басым бағыттарын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын өзектендіру; білім алушылардың білімі мен құзыреттілігін бағалаудың ең заманауи технологияларына көшу; диплом жұмыстарының тақырыбын қайта қарау және жобалық тәсілді енгізу; білім берудің барлық деңгейлерінде оқытудың күрделі сандық технологияларын енгізу; профессор-оқытушылар құрамының кадрлық әлеуетін түбегейлі арттыру және тағы басқа міндеттерге басымдық берді.

Сондай-ақ мәжілісте ЖОО-да қабылданған санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шаралары сөз болып, өзге де өзекті мәселелер қаралды.